Павлодар қаласының тұрғыны Анастасия Кулик әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, небәрі бір тәуліктің ішінде пәтер алуға жеткілікті қаражат жинап алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балалар үйінде тәрбиеленген бойжеткеннің айтуынша, оның баспанасы да, жақын туыстары да жоқ. Үлкен өмірге қадам басқаннан кейін ол жалғыздық пен тұрмыстық қиындықтарға тап болған. Үміті үзілген сәтте Анастасия қысқа видеоүндеу жариялап, қарапайым өтініш білдірген.
- «Егер 30 мың адам маған 200 теңгеден аударса, менің өз пәтерім болады», — деген ол видеода.
Желі қолданушылары бұл үндеуге бейжай қарамай, жаппай қолдау көрсетті. Нәтижесінде қажетті қаражат небәрі 24 сағат ішінде жиналып, бойжеткеннің баспана мәселесі шешімін тапты.
Келесі күні Анастасия Кулик тағы бір видео жариялады. Бұл жолы ол қазақстандықтарға алғыс айтып, көз жасына ерік берді.
«Мен пәтер сатып алғым келетінін айтып, рилс жаздым. Содан кейін маған ақша түсе бастады, ал мені алғыс сезімі кернеп, тіпті өзімді ұстай алмай отырмын. Мұның қалай мүмкін болғанын түсінбеймін. Баршаңызға көп рақмет! Мен сіздерді қатты жақсы көремін», – деді бойжеткен.
Оның сөзінше, небәрі бір тәулікте жиналған қаражат тек баспана мәселесін шешіп қана қоймай, адамдарға деген сенімін де қайта оралтқан.