Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа батқан адамдарды елдің қас жауы деп атады. Оның айтуынша, олар «Халықтық құрылыс» бағдарламасына кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Президент мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Ал сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз, – деді президент.
Тоқаев жаңа тарихи кезеңде бұрынғы жетістіктерге тоқмейілсуге болмайтынын, Әділетті Қазақстанды құру жолында жалқаулық пен селқостыққа бой алдырмау керегін айтты.
Президенттің сөзінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бойынша салынатын барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сапалы болуы керек. Олардың қатарында жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері бар.
Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттырып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту негізгі мақсат екенін атап өтті. Бұл жұмыста Конституцияда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары басшылыққа алынады.
Президент алда түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін екенін де айтты. Дегенмен ол қойылған мақсаттарға табандылықпен жетуге болатынына сенім білдірді.
Контекст
11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отынышиевті ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми хабарлады.
Ведомство басшыларға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша күдік бар екенін мәлімдеді. Олармен бірге өзге де адамдар ұсталған.
Ulysmedia.kz дереккөздерінің мәліметінше, Жақыпов пен Отынышиев уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бұған дейін Нұрлан Жақыпов пен Елжас Орыншиевтің ұсталған сәті түсірілген фото мен видео тараған еді.