Air Astana 10 желтоқсаннан бастап Алматыдан, ал 11 желтоқсаннан бастап Астанадан Мысырдың Шарм-эш-Шейх курортына тұрақты рейстер ашады. Эконом-кластағы барып-қайту билетінің бағасы кемінде 283 690 теңгеден басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Шарм-эш-Шейхке тек туроператорлар сататын чартерлік рейстер қатынайтын. Енді жолаушылар билетті Air Astana әуе компаниясының сайты мен мобильді қолданбасы арқылы тікелей сатып ала алады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
– Тұрақты рейстердің ашылуы жолаушыларға билетті тікелей сатып алуға мүмкіндік береді. Туристер күзгі-қысқы маусымда Мысырға сапарын өз қалауынша жоспарлай алады, – деді Air Astana компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірісті басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықов.
Рейстердің кестесі мен билет бағасы
Алматыдан ұшақтар дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Ұшақ таңғы сағат 07:20-да ұшып, жергілікті уақытпен 11:50-де Шарм-эш-Шейхке қонады. Жол уақыты – 7 сағат 30 минут. Кері рейс 12:50-де ұшып, Алматыға 22:10-да жетеді.
Астанадан рейстер сейсенбі және жұма күндері орындалады. Ұшақ 06:50-де ұшып, 10:45-те қонады. Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 55 минут. Кері бағыттағы рейс 11:55-те ұшып, Астанаға 20:50-де келеді.
Алматыдан Шарм-эш-Шейхке барып-қайту билетінің бағасы эконом-класта 283 690 теңгеден, бизнес-класта 597 864 теңгеден басталады. Астанадан ұшу құны эконом-класта 283 734 теңге, бизнес-класта 588 932 теңгеден басталады.
Мысырға бару үшін виза қажет пе?
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 21 жасқа толмаған қазақстандықтар Мысырға тек әкесімен немесе анасымен бірге бара алады.
21 жастан асқан азаматтар Шарм-эш-Шейх әуежайында виза рәсімдей алады, бірақ сапар ұзақтығы 15 күннен аспауы және туристер курорт аумағынан шықпауы керек.
Ал Каир, Хургада және Мысырдың басқа қалаларына бару үшін визаны алдын ала елшілік арқылы алу қажет.