×
462.87
540.72
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.87
540.72
6.16

Қайын жұртын «қырып салған» атыраулық күйеубаланың есі дұрыс болып шықты

Бүгін, 13:00
Қайын жұртын «қырып салған» атыраулық күйеубаланың есі дұрыс болып шықты
Фото: Атырау полиция департаменті

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қазасына қатысты күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиев есі дұрыс деп танылды. Бұл туралы өңірлік прокуратура айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ-ПСИХИАТРИЯЛЫҚ САРАПТАМА

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ол өз әрекетіне жауап бере алады және қылмыстық жауапкершілікті түсінген. Ал оның жұбайы Ақбаян қазіргі уақытта Алматыда сот-психиатриялық тексерістен өтіп жатыр. Атыраудағы дәрігерлер оның туыстарының өліміне қаншалықты қатысы барын нақты анықтай алмаған.

Әзірге Ақбаян күдікті мәртебесінде. Оның құқықтық статусы Алматыдағы мамандардың қорытындысынан кейін ғана шешілмек.

ЕКІ ҚЫЛМЫСТЫҢ АРАСЫ 6 АЙ

Тергеу мәліметтері бойынша, Жангелдин ауылында жарты жыл аралығында екі бірдей қылмыс жасалған. Алдымен мамыр айында отбасының кенже ұлы Наурыз көз жұмған. Кейін қарашада оның ата-анасы мен әпкесі қаза тапқан.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінен ас үй пышағымен салынған көп жарақаттар табылған.

«Әрқайсысының кеуде, мойын тұсы мен өмірлік маңызды ағзаларына алтыдан астам соққы тиген», – деді ол.

ҚЫЛМЫСТЫҢ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмыстың себебі – отбасылық жанжал болған.

Ақбаян мен Сұлтан Сәрсемәлиев арасында туыстық қатынаста жанжал туындаған. Қылмысқа өзге адамдардың қатысы анықталған жоқ, – деді прокуратура өкілі.

Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемәлиевтің желтоқсан айында шекарадан өткені, ал қылмыс анықталған сәтте ел аумағында болмағаны атап өтілді.

 Ол шекараны заңды түрде кесіп өткен. Шекара қызметі тарапынан ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ, – деп нақтылады прокуратура өкілі.

Аталған дерек бойынша тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар мал сату және банк карталарынан қаражат ұрлау фактілеріне байланысты ҚР ҚК-нің 188 және 190-баптары (ұрлық және алаяқтық) бойынша қосымша қылмыстық істер тіркелген.

Прокуратура мәліметінше, тергеу жалғасып жатыр. Тағайындалған барлық сараптамалардың қорытындысы алынғаннан кейін күдіктілердің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, айып тағу туралы шешім қабылданады. Істі сотқа жолдау мерзімі әзірге белгісіз.

КОНТЕКСТ 

Былтыр желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауылында тұтастай бір отбасының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылған. Іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, іздеу жарияланған. 

9 наурыз таңертең  ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілгені хабарланған. Бұған дейін олар Индонезияда ұсталған. Күдіктілер алдымен этаппен Mалайзияға жеткізіліп, кейін Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырылған.  

 

Серіктес жаңалықтары