×
465.01
543.55
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
465.01
543.55
6.15

«Стандарттан тыс шешімдер»: Айбек Дәдебайды қандай қызмет күтіп тұр?

Бүгін, 13:21
«Стандарттан тыс шешімдер»: Айбек Дәдебайды қандай қызмет күтіп тұр?
Ulysmedia.kz коллажы

Президент әкімшілігін 2 жыл басқарған Айбек Дәдебай кеше қызметінен босатылды. Президенттің алғысын естіп, Ақордадағы орнын абыроймен табыстаған шенеуніктің әрі қарай қайда баратыны жөнінде түрлі болжам айтылып жатыр.

КҮТПЕГЕН АУЫС-ТҮЙІС

Айбек Дәдебайдың Президент әкімшілігінен кетіп, орнына Роман Склярдың тағайындалуы көпшілік күтпеген ауыс-түйіс болғаны рас. Тоқаевтың сенімді адамдарының санатына кіретін Дәдебай енді қандай қызметке тағайындалар екен деп жұрттың бас қатыра бастағаны сол-ақ еді, президенттің баспасөз хатшысы арнайы мәлімдеме жасады.  

«Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген Айбек Дәдебайдың жұмысына жоғары баға беріп, зор ризашылығын білдірді. Таяу уақытта елімізде ауқымды саяси науқан өтетіні белгілі. Осындай сындарлы сәтте Айбек Арқабайұлы мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қоғамдық-саяси жұмыспен айналысады», - деп жазды Айбек Смадияр.

ТОҚАЕВ ШЫҢДАҒАН КАДР

Айбек Дәдебай – соңғы 20 жылда Тоқаевтың маңайында жүріп шыңдалған кадр.

2001 жылы еңбек жолын өзі оқыған Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушылықтан бастаған.

2008 жылы Сенаттан бір-ақ шыққан. Әуелі Сенат аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы болса, кейінірек төраға көмекшісінің міндетін атқарушы болды. Бұл  Сенатты дәл Тоқаев басқарған кезең еді.

2011 жылы Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметін атқарған тұста Дәдебай да Женеваға аттанды. Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінде атташе болып қызмет етті.

Екі жылдан кейін Қазақстанға оралып, қайтадан Сенат тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаев Дәдебайға өз хатшылығын сеніп тапсырды.

2019 жылы Айбек Дәдебай Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды, ал 2021 жылы Президент Істері басқармасына ауысты. Қаңтар оқиғаларынан кейін осы құрылымның басшысы болды.

Бұл лауазымда ол мемлекеттік аппаратты қамтамасыз ету жүйесін қадағалады. Оның құзыретіне резиденциялар, көлік, медициналық қызмет, парламенттік инфрақұрылым және президенттік әуе паркі кірді.

БАҚ-ТА ЖЫЛТЫҢДАЙ БЕРМЕЙТІН БАСШЫ

2024 жылғы 6 ақпаннан бері Айбек Дәдебай Президент әкімшілігін басқарды. Оның бұл лауазымда атқарған жұмыстары туралы ашық дереккөздерде ақпарат аз. Өзі БАҚ алдына шыға бермейді. Сирек жасайтын мәлімдемелерінің бірінде мемлекетке қайтарылған активтерді пайдалану мәселесін түсіндіріп, қаражаттың мектеп салуға, ауыл шаруашылығына техника алуға, өнеркәсіпті дамытуға және басқа да жобаларға бағытталып жатқанын айтқан.

Сондай-ақ ол конституциялық реформаны түсіндіру жұмыстарына қатысып, Президенттің өзі реформа мәтінімен тікелей жұмыс істегенін және жұмыс топтарымен тұрақты кездесулер өткізгенін мәлімдеген.

Сонымен қатар қазақы тазы мен төбет ит тұқымдарын сақтау жобасына жетекшілік еткені белгілі. Осы бағытта арнайы заң қабылданған болатын.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, соңғы айларда ашық саяси белсенділік танытпаса да, Айбек Дәдебайдың саяси салмағы артқан.

«Дәдебай бұл қызметте екі жылдан сәл астам уақыт жұмыс істеп, өзін Мемлекет басшысының сенімді әрі адал серіктестерінің бірі ретінде көрсетті. Енді кадрлық жаңарту аясында ол қоғамдық-саяси салаға бағытталмақ. Толығырақ ақпарат жақын күндері жариялануы мүмкін. Президент әлі де күтпеген, стандарттан тыс шешімдер қабылдауға бейім екенін көрсетіп отыр, ал олардың логикасы мен жүйелілігі көбіне оқиғалардың даму барысында айқындала түседі», - дейді сарапшы.

Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Айбек Дәдебайдың «Әділет» партиясын басқаруы мүмкін деген болжамның шетін шығарды.

«Бүрсігүні «Әділет» партиясының Құрылтай съезі өтеді. Әзірге ресми төрағасы жоқ. Ал бүгін үміткер пайда болды», - деп жазды ол.

Желіде жазылған пікірлерде Дәдебайдың вице-президент болу ықтималдығы жөнінде де көп айтылған. Қай болжамның дәл келерін уақыт көрсетпек.

Серіктес жаңалықтары