Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында ірі өрт болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өртке оранған көліктердің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан өрт сөндірілгенімен, жүк көліктерінің толықтай жанып кеткенін көруге болады. Сондай-ақ, көліктердің ішіндегі тауарлардың шашылып жатқаны көрінеді.
Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 4 мамырда Қытай тарапына тиесілі шекара аумағында болған. Сол себепті «101» және «112» жедел қызметтеріне хабар түспеген.
Ал Жетісу облысы Панфилов ауданы әкімдігі taldykorganec_kolesa парақшасына берген мәліметте, өрт салдарынан Қазақстанға тиесілі 17 жүк көлігі жанып кеткені айтылған. Оқиға Қытай аумағында болғандықтан, барлық тексеру сол жақта жүргізіледі.
Сонымен бірге өңір билігі зардап шеккен жүргізушілер мен көлік иелерін қолдаусыз қалдырмайтынын, оларға құқықтық және басқа да қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, 5 мамырда Өскемендегі “Қазцинк” зауытында жарылыс болып, артынан өрт тұтанған. Соның салдарынан цех конструкцияларының бір бөлігі құлаған. Оқиғадан жеті адам зардап шегіп, екі жұмысшы қаза тапты.
Бұған дейін Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов апатқа қатысты тергеу барысы туралы баяндаған. Оның айтуынша, «Қазцинк» кәсіпорнындағы апатқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан ауыр зардаптарға әкелу дерегіне қатысты. Аталған бап бойынша ең жоғарғы жаза – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.