×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Рим, Қытай, Персия: Маңғыстаудан көне порттың ізі табылды

Бүгін, 14:40
Рим, Қытай, Персия: Маңғыстаудан көне порттың ізі табылды
коллаж Ulysmedia

Маңғыстаудағы Қарақабақ көне қалашығынан табылған артефактілер өңірдің ежелде Рим, Қытай және Персиямен байланысы болғанын көрсетті. Археологтар бұл мекен Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды сауда орталығы болғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Маңғыстау өңірінде шамамен екі мың жылдық тарихы бар Қарақабақ көне қалашығын зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

ЕЖЕЛГІ САУДАНЫҢ ІЗІ

Зерттеу барысында археологтар тиындар, мөрлер, керамикалық бұйымдар және басқа да артефактілерді анықтаған. Мамандардың пікірінше, бұл жәдігерлер қазіргі Маңғыстау аумағы арқылы халықаралық сауда жолдары өткенін дәлелдейді.

Археологтардың айтуынша, Қарақабақ Каспий маңы елдерін байланыстырып тұрған маңызды сауда нүктелерінің бірі болған.

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігінен

РИМ,ҚЫТАЙ, ПЕРСИЯ

Мамандар көне порттың, шеберханалардың және теңіз саудасының іздерін де тапқан. Зерттеушілердің мәліметінше, табылған артефактілер өңірдің Византиямен, Персиямен, Үндістанмен, Риммен және Қытаймен байланысы болғанын көрсетеді.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалықтар Маңғыстау аумағында біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында-ақ қалалық мәдениет пен экономиканың жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігінен

АСПАН АСТЫНДАҒЫ МУЗЕЙ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа археологиялық жаңалықтар Ұлы дала тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, Қарақабақ өңір тұрғындарының ежелде тек көшпелі мал шаруашылығымен ғана айналыспай, қалалар салып, қолөнер мен халықаралық сауданы да дамытқанын дәлелдейді.

Қазір өңірде көне қалашық аумағында ашық аспан астындағы музей, ғылыми-археологиялық база және туристік бағыттар құру мәселесі талқыланып жатыр.

Серіктес жаңалықтары