×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Алаяқтарға алданғандар ақшасы қайтарыла ма? Заңгердің қызық кейстері

Бүгін, 17:00
Алаяқтарға алданғандар ақшасы қайтарыла ма? Заңгердің қызық кейстері
Коллаж AI / Ulysmedia

Былтыр елімізде 84,5 миллион күмәнді қоңырау бұғатталған. Бұл – интернет алаяқтары қазақстандықтарға әр минут сайын шамамен 160 рет қоңырау шалғанын білдіреді. Ішкі істер министрлігінің дерегі қоғамды алаңдатып отыр. Ең сорақысы – технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы күшейіп, олар бір қоңыраумен-ақ азаматтардың есепшотын босатып кететін деңгейге жеткен.

Интернет алаяқтарының құрбаны болғандар ақшасын қайтара ала ма? Қандай жағдайда жоғалған қаржы кері қайтпайды? Ulysmedia.kz сұрақтарына заңгер Сабина Бекмағамбет жауап берді. 

ӨТЕМАҚЫ ӨНДІРУГЕ БОЛАДЫ

Сабина Қанатқызы, алаяқтар құрбаны болған адам ақшасын қайтара ала ма?

Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес алаяқтар келтірген залал өтелуге тиіс. Заң тұрғысынан бұл мүмкін. Дегенмен оң нәтиже жету ақшаның нақты қайда аударылғанына және істің дұрыс жүргізілгеніне байланысты. Полицияға арыз беруден бастап, сот арқылы қайтарып алуға дейінгі әрбір кезең жүйелі жұмысты талап етеді.

Сонда ақшаны қайтарып алу кезінде аудару тәсілі маңызды ма? Олай болса, ақшаны қайтару мүмкіндігі қай кезде, қандай жағдайда жоғары?

Иә, аудару тәсілі қайтару мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. Онлайн аударымдарды дәлелдеу жеңіл. Себебі ақшаның да, алаяқтың да цифрлық ізі сақталады. Егер құқық қорғау органдары қаражат жеке тұлғаның шотына түскенін анықтаса, ақшаны қайтару ықтималдығы жоғары. Мұндай істе басты мақсат – біреуді жазалау емес, жәбірленушінің ақшасын қайтару. Тіпті ақшаны алған адам алаяқтық жасауға байқатпай тартылған болса да, сот оны аударылған соманы қайтаруға міндеттей алады. Тәжірибе көрсеткендей, іс дұрыс жүргізілсе, шығынды толық қайтаруға болады.

Күрделі жағдай деп ақшаның қолма-қол беріп, ешқандай қолхат алмаған немесе куәгеріболмаған істі айтамыз. Бұл қаражаттың берілгенін дәлелдеу қиын. Сол сияқты  егер ақша криптовалюта не шетелдік платформалар арқылы аударылса, соңғы алушыны табу да мүмкін емес.

Аударылған сомадан бөлек өтемақы талап етуге бола ма?

Материалдық шығын – нақты аударылған ақша сомасы. Оны чекпен, банк үзінділерімен растап, қылмыстық іс аясында қарастырады. Бұдан бөлек моральдық зиянды да талап етуге болады. Бұл – күйзеліс, уайым, денсаулығының нашарлауы сияқты факторлар. Өтемақы көлемін жәбірленуші өзі көрсетеді, алайда соңғы шешімді сот қабылдайды.

 

ЗАҢГЕРГЕ КЕТКЕН ШЫҒЫН АҚТАЛАДЫ

Адам алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген сәтте не істеуі керек?

Алаяқтыққа тап болған адам ең алдымен тіркелген мекенжайы бойынша полицияға жүгінгені жөн. Бұл іс бойынша талап қою мерзімі – үш жыл. Осы мерзім ішінде арыз беріп, ресми түрде жәбірленуші мәртебесін алуға болады.

Дегенмен ертерек шағымдансаңыз, мәселе тезірек шешіледі. Мысалы ақша несие арқылы алынған болса, құқық қорғау органы банкке қаулы жіберіп, несие мерзімін 6 айға дейін тоқтата алады. Содан кейін полициядан қаражат жіберілген адамның деректерін сұрап, заңгер жалдап, ақшаны сот арқылы қайтарып алуға болады.

Егер ақша өз шотыңыздан аударылған болса, оны қайтару тек сот арқылы шешіледі. Келтірілген шығынды кінәлі адамнан өндіріп алуға тура келеді.

Тағы ескеретін жайт ақшаны қайтару үшін арыз дұрыс рәсімделуі қажет. Бұл орайда заңгердің жұмысы маңызды. Сотқа дейінгі талап дұрыс жасалмаса, сот оны қараусыз қалдыруы немесе талапты қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін.

Сондықтан осындай істе заңгердің көмегіне жүгіну өзін ақтайды.

Заңгер қызметіне кеткен шығынды қайтаруға бола ма?

Иә, азаматтық іс жүргізу тәртібі бойынша заңгердің қызметіне жұмсалған шығындар жауапкерден өндіріліп алынуы мүмкін.

Мысалы келтірілген шығын 2 миллион теңге делік. Ал заңгер қызметі үшін 200 мың теңге төленді. Сот талапты толық қанағаттандырған жағдайда жауапкерден 2 миллион теңге негізгі берешек қана емес, қосымша 200 мың теңге өкілдік шығын да өндіріліп алынуы мүмкін.

Алайда сот мұндай шығындардың мөлшерін олардың негізділігі мен ақылға қонымдылығын ескере отырып анықтайды.

 

АЛАЯҚТАРДЫҢ СХЕМАСЫ ҰҚСАС

Сабина Қанатқызы, алаяқтық ісі бойынша 5 жылдан бері заңгерлік көмек көрсетіп келесіз. Сізге адамдар көбіне алаяқтықтың қандай түрі бойынша жүгінеді?

Өтініштердің 80-85% телефон алаяқтығына қатысты. Алаяқтар негізінен адамның цифрлық сауатсыздығын пайдаланып, психикасына қысым көрсетеді. Әдетте алдау схемасы ұқсас: телефон шалып, өзін құзырлы орган өкілі ретінде таныстырады. Адамның сеніміне кіру үшін кейде жақын адамының есімін атайды. Кейін ақшаны түрлі мақсатқа аударуға көндіреді немесе несие рәсімдеуді сұрайды.

Қоңырау шалған адамның алаяқ екенін қалай түсінуге болады?

Дауыс ырғағына, сөйлеу мәнеріне назар аудару керек. Күдік пайда болған жағдайда «Қай қаладан хабарласып тұрсыз?» деп нақтылап сұраған дұрыс. Интонация, диалектіден де адамның алаяқ екенін аңғаруға болады. Кейде алаяқтар полиция формасын киіп, бейнеқоңырау арқылы хабарласып, қызмет куәлігін көрсетеді. Алайда заң бойынша полиция қызметкері де, банк өкілі де бейнеқоңырау арқылы байланысқа шықпайтынын есте ұстаған жөн.

Егер өзін банк қызметкері ретінде таныстырса, «Мен де банк қызметкерімін, бөлімшеңізбен тікелей байланыстырыңыз» деп айтуға болады. Көп жағдайда, осыдан кейін олар байланысты үзіп жібереді.

Егер адам SMS кодты өзі айтса, кінәлі санала ма?

Жоқ. Бұл жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымының әрекетін даулауға болады. Банк клиенттің жеке басын дұрыс сәйкестендіріп, несиені нақты сол адам рәсімдеп жатқанына көз жеткізуге міндетті. Егер онлайн несие тексерусіз берілген болса, қарыз шарты сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Тәжірибеңізде телефон арқылы жасалатын алаяқтықтан басқа қандай түрімен кезіктіңіз?

Алаяқ өзінің алдау тәсілін үнемі өзгертіп отырады. Менің заңгерлік көмегімді қажет еткен әр жанның алаяққа ұрынған оқиғасы бір-біріне ұқсамайды. Ерекше атап өтетін интернет-алаяқтықтың бір түрі – ол өзім атау берген «романтик алаяқтар». Жігіт интернет арқылы қызбен танысып, көңілін табады, гүл сыйлайды, жылы сөз айтады. Сеніміне толықтай кірген соң, өз атына несие рәсімдеп беруді сұрайды. Кей жағдайда қыздан берген сыйлықтарын, оған жұмсаған ақшаны қайтаруды талап етеді.

Егер несие қыздың атына рәсімделсе, оны қайтаруға бола ма?

Егер жазбалар арасында жігіт өзінің қарызын мойындаса, ақшаны қайтарып алуы мүмкін. Мысалы өз хабарламасында жігіт «Қазір өз атыңа 300 мыңға несиені рәсімдеші, кейін қайтарамын» деп жазса, оны айғақ ретінде қарастырамыз. WhatsApp, Instagram, Facebook-тағы хат алмасулар дәлел ретінде танылады.

Ал егер жігіт Dyson, MacBook, iPhone не басқа да сыйлықтар сыйласа — бұл сыйға тарту. Бұл жағдайда қыз сыйлықтарды қайтаруға міндетті емес.


ЖИІ АЛДАНАТЫНДАР ОСАЛ ТОПТАР

Алаяқтардың құрбанына айналатын адамдарды әлеуметтің қай тобына жатқызар едіңіз?

Жәбірленушілердің басым бөлігі – әлеуметтік жағынан осал топ өкілдері. Бірақ арасында қаржыға қатты мұқтаж студенттерді де, жылдар бойы жинаған қомақты қаражаты бар зейнеткерлер де бар.

– Студенттердің көзі ашық, заманның өзекті мәселесінен хабардар тұлға санаймыз. Олар алаяқтар схемасына қалай қатысады?

Студенттер арасында делдал, яғни дроппер болғандар жиі кездеседі. Дроппер – алаяқтық жолмен алынған ақшаны айналдыруға пайдаланылатын адам. Оның атына банк шоты, карта немесе электрондық әмиян рәсімделеді. Сол арқылы қылмыстық жолмен келген қаражат аударылып, әрі қарай басқа есепшоттарға жіберіледі немесе қолма-қол ақшаға айналдырылады. Салдарынан бір адам – жәбірленуші, ал қалғаны алаяқтық тізбектің бір бөлігіне айналады.

Көп жағдайда дроппер бұл «қызметі» үшін сыйақы алады. Алайда кейбірі өз әрекетінің заңсыз схемаға қатысы бар екенін толық түсінбейді.

Дроппер екенін білмеген адам өзін кінәсіз екенін дәлелдей ала ма?

Бұл іс жүзінде қиын. Себебі не болса да саған ақша аударған адам өз қаражатын сенен өндіріп алуға тырысады. Ал сен ол ақшаны кімге аудардың, содан талап етуге мәжбүр боласың. Сондықтан күмәнді транзакциялардан аулақ болу керек. Заң алдында өз ниетіңді дәлелдеу біраз жұмысты талап етеді. Елімізде дропперлер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Тәжірибеңізде алаяқтық бойынша ерекше есте қалған оқиға бар ма?

Әрине, жақында болған бір оқиғаны айтайын. Ер адам зергер дүкеніне барып,  200 000 теңге  тұратын алтын білезікті таңдады. Ақысын төлеу үшін төлемді әйелінің шотына рәсімдеп беруді сұрайды. Саудагер шотты жібереді. Үш күннен кейін дүкенге полиция келіп, осы дүкенде алаяқтар схемасы жүзге асқанын айтады.

Тергеуде белгілі болғандай, шотты төлеген адам – оның әйелі емес.  Ол әйел Instagram арқылы жүргізуші куәлігін жасап беретін адам іздеген. Бір азамат бұл қызметі үшін 200 000 теңге сұрайды, төлемді әйелдің шотына жібереді деп келіседі. Әлгі ер адам зергер дүкеніне барып, білезікті сатып алу үшін шоттыжүргізуші куәлігін жасап беретін адам іздеген әйелге жіберткен. Әйел бұл ақшаны «куәлікке төлем» деп аударған. Себебі ол бұл ақшаның алтын білезік үшін төленіп жатқанынан бейхабар болған.  Осы схема арқылы алаяқ алтын білезіктітегін ала салды.

Осыған ұқсас алаяқтардың түрлі схемасы бар. Адам өзінің қалай алданғанын түсінбей қалады.

Сұхбат соңында оқырманымызға қандай кеңес айтар едіңіз?

Алаяқтардың түрлі тәсілін зерттеу жүрген дұрыс. Алаяқтардың түпкі мақсаты өзгермейді – адамға қысым көрсету арқылы ақша алу. Ең бастысы, эмоцияға беріліп, асығыс шешім қабылдамау қажет. Адамның сыни ойлай білуі оны үлкен қателіктен сақтайды.

Сұхбаттасқан Айлана Мұратова,

MNU студенті

 

Серіктес жаңалықтары