Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауын өткізуге қанша қаржы жұмсалатыны әзірге есептелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов мәжіліс кулуарында айтты. Оның сөзінше, сайлау өтетін күн әлі ресми бекітілмеген. Сол себепті бюджеттен бөлінетін нақты шығын көлемі де кейін анықталады.
«Сайлау күнін президенттің арнайы жарлығы бекітеді», – деді ол.
ПАРТИЯЛАРҒА ҚАНША ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ?
Шавкат Өтемісовтің айтуынша, мемлекеттік қаржыландыру парламентке өтетін партиялардың саны мен жинаған дауысына қарай есептеледі.
Яғни, алдымен 5 пайыздық межеден өткен партиялар анықталады. Кейін әр саяси ұйымның алған дауысы арнайы формула бойынша есепке алынып, соған сәйкес қаржы бөлінеді.
Алайда ОСК өкілі формуланың нақты тетігін ашып айтпады. Сондай-ақ қазіргі партияларды ұстауға бюджеттен қанша қаражат кетіп жатқанын да нақтыламады. Оның айтуынша, бұл мәселеге Қаржы министрлігі жауап береді.
«Қазір нақты сома айту қиын. Алдымен сайлау өтіп, Құрылтайға қанша партия өтетіні белгілі болуы керек», – деді Өтемісов.
САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ҰСЫНЫСЫ
2024 жылы Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларды қаржыландыру бойынша есептерді өзгертуді ұсынды.
– Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда, соңғы сайлаудың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға дауыс беру кезінде берілген әрбір сайлаушы дауысы үшін ең аз жалақы мөлшерінің үш пайызын ескере отырып айқындалады, – делінген НҚА сайтында.
АЕК-ті есептік бірлік ретінде пайдаланған кезде саяси партияларды қаржыландыру көлемі жыл сайын АЕК-тің инфляция деңгейіне жыл сайынғы өсуін ескере отырып өсетін болады.
Егер партияларды қаржыландыру АЕК-ке байланысты болса, онда инфляциямен бірге ең төменгі жалақының өсуін ескере отырып, саяси партияларды қаржыландыру көлемі жыл сайын артады.
САЯСАТКЕРЛЕР ПІКІРІ
Бұл бастамаға саясаткерлер әртүрлі пікір білдірді. Respublica партиясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаровхалық қолдайтын партиялар қаржысыз қалмайтынын айтқан. Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевөзгерістен қауіп көрмейтінін жеткізген.
Ал Amanat партиясының депутаты Мақсат Толықбай өңірлердегі партия штабтарын ұстап тұру көп шығын талап ететінін айтып, қаржы жеткіліксіз болуы мүмкін екенін ескерткен.