×
463.91
544.63
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.91
544.63
6.26

Сайлау кезінде жасырын үгіт жүргізген блогерлер жазалануы мүмкін

Бүгін, 15:38
Сайлау кезінде жасырын үгіт жүргізген блогерлер жазалануы мүмкін
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда сайлау кезіндегі талаптарды, әсіресе интернеттегі үгіт-насихатқа қатысты ережелерді күшейту көзделіп отыр. Мәжіліс сайлау туралы заң мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Билік бұдан былай кандидаттар мен партиялардың үгітті қалай жүргізетініне, оларды кім қаржыландыратынына, сондай-ақ блогерлер мен онлайн-платформалардың сайлау науқаны кезіндегі әрекетіне бақылауды қатаңдатпақ.

ҚАНДАЙ ӘРЕКЕТ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙЕДІ

Жаңа түзетулерге сәйкес, ресми сайлау қорынан тыс қаржылай немесе өзге де көмек алған кандидаттарға жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар үгіт-насихат, дебат, әлеуметтік сауалнама мен сайлау нәтижесіне қатысты болжамдарды жариялау кезінде заң бұзған онлайн-платформа қолданушылары да жазалануы мүмкін.

Талқылау кезінде депутат Никита Шаталов мынадай мысал келтірді:

– Мәселен, кандидат немесе партия сайлаушыларға үгіттік атрибутика таратты делік. Айталық, логотипі бар қалпақ. Сол қалпақтың бірі көп оқырманы бар блогердің қолына түсті. Оның 10, 20 немесе 100 мың жазылушысы бар болуы мүмкін. Сайлауалды үгіт кезінде ол сол атрибутиканы жазбаларында үнемі көрсетіп, кандидатты не партияны ашық қолдап жүреді. Бірақ блогер мұны тегін жасайды. Ақылы келісім де, тапсырыс та, кандидатпен ресми байланыс та жоқ. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы блогердің әрекетін қалай бағалайды? Азаматтың жеке ұстанымы ретінде ме, жасырын үгіт ретінде ме, әлде сайлау шығыны мен есепте көрсетілуі тиіс науқанның бір бөлігі ретінде ме? – деп сұрады ол ОСК хатшысынан.

ОСК НЕ ДЕЙДІ

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мұндай жағдайда блогер ресми ақы алмаса да, жасырын үгіт жүргізуші ретінде танылуы мүмкін екенін айтты.

– Қолданыстағы сайлау туралы заңға сәйкес, егер жеке немесе заңды тұлға қандай да бір кандидатқа не партияға үгіт жүргізуге қатысса, ол үшін алдын ала жазбаша келісім болуы керек. Егер ондай келісім болмаса, бұл жасырын үгіт болып есептеледі. Ал оған Әкімшілік кодекстің 118-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Сіз айтқан жағдайда блогер кандидатпен байланысқа шықпағанның өзінде жасырын үгіт жүргізді деп танылуы мүмкін, – деді Өтемісов.

Сонымен бірге ОСК блогер өз платформасын барлық кандидатқа бірдей ұсынуға міндетті емес екенін де түсіндірді. Мұнда басты мәселе – кандидатпен ресми келісімнің бар-жоғы.

Шавхат Өтемісовтің айтуынша, егер блогер белгілі бір кандидатпен немесе партиямен ақылы негізде жұмыс істесе, онда ол өзге сайлау қатысушыларына да тең мүмкіндік беру қағидатын сақтауы тиіс. Ал ешқандай ақысыз, ерікті түрде қолдау білдірсе, мұндай міндет жүктелмейді.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауы Конституция бойынша өткен референдумнан да қымбатқа түсуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Әзірге нақты сома белгісіз. Себебі шығын көлемі дауыс беру күніне, науқан ұзақтығына және киберқауіпсіздікке кететін қаражатқа байланысты болады.

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Құрылтай сайлауы осы жазда өтуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары