ІІМ Көкшетаудағы тұрғын үй аулаларының бірінде болған қайғылы жағдайға қатысты істің мән-жайын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ НЕ ДЕЙДІ
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, өліміне себеп болған әйелдің күйеуі, яғни көлік иесі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Көлік құралын заңсыз басқаруға берген күдіктінің жұбайының үстінен қылмыстық кодекстің 349-бабы бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Аталған бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Соңғы шешімді сот қабылдайды», – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, көлікті тізгіндеген әйелдің өзіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Егер іс осы баптың 3-бөлігі бойынша, яғни абайсызда адам өлтіру деп сараланса, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Еске салайық, қайғылы жағдай 9 мамыр күні Сарыарқа шағынауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында болған. Бейнебақылау камераларының жазбасында көліктің әйелді тротуар маңында қағып, толықтай басып өткеннен кейін ғана тоқтағаны көрінеді. Әлеуметтік желіде тараған видео тұрғындардың ашуын туғызды.
Кейін белгілі болғандай, рөлде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған әрі ол ешқашан автомектепте оқымаған.
МАРҚҰМ ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА БОЛҒАН
Марқұм әйелдің артында кәмелетке толмаған ұлы қалғаны белгілі болды. Кей деректерде баланың жасы 12-13 шамасында екені айтылған. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының жанашырлығын тудырып, қоғамда қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді.
Оқиғадан кейін Сарыарқа шағынауданының тұрғындары видеоүндеу жариялады. Олардың сөзінше, бірнеше көпқабатты үйге арналған жалғыз кіреберіс жол үнемі кептеліс тудырады. Соның салдарынан жүргізушілер аулада жылдамдықты жиі асырады. Ал екінші кіреберістің жабылуы мәселені одан әрі күрделендірген.
Тұрғындар балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, жергілікті биліктен шұғыл шара қабылдауды талап етті. Өз кезегінде қала әкімдігі қосымша кіреберіс ұйымдастыру мәселесін қарастыруға уәде берген.