×
467.63
547.69
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.63
547.69
6.36

«Сиқырлы Қазақстан»: Адамдардың жеке дерегі қара базарда саудаланып жатыр

Бүгін, 11:22
«Сиқырлы Қазақстан»: Адамдардың жеке дерегі қара базарда саудаланып жатыр
Коллаж Ulysmedia

Соңғы уақытта Telegram арналарда қазақстандықтардың жеке деректері жаппай таралып кетті. Тіпті кейбір боттарға ұялы нөміріңізді жазсаңыз, сіздің қайда тұратыныңыз, соңғы уақытта қандай сауда жасағаныңыз және отбасыңыз жайлы барлық деректі шығарып береді. IT сарапшы Ерлан Оспаннан Ulysmedia.kz сұхбат алды. Ол бұл жағдайды «Сиқырлы Қазақстан» деп атап, мемлекет азаматтардың дерегін қорғай алмай отырғанын айтты.

«БАНДИТТЕРГЕ МӘЛІМЕТ САТУЫ МҮМКІН »

– Жеке деректердің жаппай таралып жүргені шындық. Бірақ неге Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үнсіз, қолқусырып отыр?

– Жауабымды әріден бастайын. Сосын, дербес деректердің жария болуы тек Қазақстанға келген кесапат емес, әлем бойынша проблема деген дисклеймер бере кетейін.

Салалық министрліктің үнсіз болатыны – қолдан келер шарасы  жоқ болуынан. Кезінде, «нөмірі бірінші цифрлы ел!» деген атақ үшін ведомстволарды өзара мәлімет алмасуға, процессинг орталықтарына жалғануға зорлықпен мәжбүрлерді. Құқықтық сараптама деген атымен болған жоқ. «Кабинеттерді жағалағанша пернетақтада зырылда!» деген ұран үшін бәрі құрбан болды. Айта кету керек, елімізде жеке бас құпиясы цифр дәуіріне дейін де мәз емес болатын. Мысалы, қатардағы полицейдің «сәл ізденіп», сенің шотыңда қанша ақша бар екенін айтып беретін «қабілеті» бұрыннан болған. Ал «цифрлану ұраны» тек түрткі болды.

Күткендей, жауаптылар мен привилегиялар нақтыланбаған жүйелерде түрлі пиғылдағы адамдар пайда болды. Мысалы, қатардағы банк қызметкерін алайық. Алдымен, кісі туралы мәлімет біліп беру сияқты «ұсақ» қызмет көрсетуден бастайды. Әрі қарай, маркетолог-Big Data мамандарына, ақыры бандиттерге мәлімет сатуы мүмкін.

Ертеректе отандық медианың назарынан тыс қалған бір оқиға болды. Біздің «цифрландыру данышпандары» Германияға еліміздің цифрлық жетістіктері туралы презентация апарған. Сонда немістер «біз мұндайды ешқашан жасай алмаймыз, соттан көз ашпайтын боламыз, қамалып тынамыз» деген. Яғни, оларда жеке бас құпиясы туралы заң, жалпы адам құқығы бірінші орында.
Осыларды есепке алсам, дәл қазір министрлік ешқандай шара қолдана алмайды. Рас, жаңа әрі жаңарған мәліметтердің тарап кетуіне тосқауыл қоюына болады. Бірақ ол бағыттағы жұмыстарынан хабарым жоқ.

БОТТАРДЫҢ МАҚСАТЫ ПАЙДА КӨРУ

– Адамдардың жеке деректерін тарататын қандай боттар бар? Олардың иесі кім? Мақсаты қандай?

– Қандай боттар барын мен әрине, айта алмаймын. Заң солқылдақ: мұны хакерлік әрекет деп тануы мүмкін. Тек, бұл нарықтың «пробивка» деп аталып кеткенін айтсам да жеткілікті. Іздеу қабілеті бар адам қандай боттар барына тез көз жеткізеді.

Ондай боттардың иесін білу тіпті мүмкін емес, ешкім де азат басын саудаға салып мәлімет сатпайды ғой. Аноним түрде жұмыс істейді, еш жерде транзакциялық із қалдырмайды. Тек криптовалютамен жұмыс істейді. Ал мақсаты түсінікті: пайда көру.

ЕҢ ҚЫМБАТ ДЕРЕКТЕР ҚАНДАЙ?

– Әлеуметтік желідегі жазбаңызда 500-5000 долларға дейін айлық алып, дерек жымқыратындар бар депсіз. Мұны қайдан білдіңіз? 

– Мен қауіпсіздік тақырыбындағы пабликтерде отырамын, кейбір форумдардың ашылған кезінен мүшесімін, салалық жаңалықтарды шолып отыратыным тағы бар. Сол жерлерден білдім.

Айталық, сіз деректер базасына қолың жететін қандай да бір құрылымда жұмыс істейсіз. Пиғылыңыз бұзық болса (парасатыңыз төмен болса, иманыңыз әлсіз болса, заңмен шектеу болмаса), «осынша мәліметтен қалай пайда көруге болады?» деген ой келеді. Әрі қарай ізденсеңіз – «қара базарға» жолды өзінен өзі тауып барасыз. Банк қызметкерісіз бе? Алдымен, сатып алушыға демо-мәлімет бересіз. Ол растығына көз жеткізген соң, сізден мәлімет алып тұруға келіседі. Криптовалютамен есеп айырысып тұрады. «Жалақы» деректердің құнына байланысты. Мысалы, әуе рейстеріндегі жолушылардың тізімі мен банк мәліметтері ең қымбат деректер санатында деп естідім. Ал көлік нөмірінің иелерінің базасы одан арзандау болуы мүмкін. Олар өз кезегінде маркетологтардан бастап, алаяқтарға дейін сатады.

«МАСҚАРА» ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІК

– Бұл үрдіс шетелде бар ма?

– Иә, дербес деректердің жария болуы әлем бойынша проблема. Бірақ, Қазақстандағы сияқты масқара деңгейге жеткен ел некен-саяқ. Бір мысал, көп адам алаяқтар немесе тауар ұсынатындар шоттағы ақшасына қарай синхрон хабарласатынын айтады. Шотыңда ақша пайда болды ма, кенет біреу хабарласады. Минусқа кеттің бе – қоңыраулар да сап тыйылады! Мұны бейресми  «Сиқырлы Қазақстан» деп атап кеттік. Бұл не деген сөз? Бұл алаяқтар үнемі өзекті базалармен жұмыс істеп отыр деген сөз.

– Адамдарға қалай сақтанған дұрыс?

– Трагедия осы ғой: мәліметтерің мемлекетте, ал ол бәрін жария қылып алып отыр. Сіз өз бетіңізше еш сақтана алмайсыз. Сондықтан, бұл сұраққа жауап бере алмаймын, себебі – білмеймін. Менің өзімнің мәліметтерім де әр жерде бытырап жүр. Таратқан мен емес еді бірақ. Жағдай осы.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Көктем Қарқын

Серіктес жаңалықтары