×
467.63
547.69
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.63
547.69
6.36

Реновация: Алматыда ескі үйлерді қалай жаңасына ауыстыруға болады

Бүгін, 12:37
Реновация: Алматыда ескі үйлерді қалай жаңасына ауыстыруға болады
коллаж AI / Ulysmedia

Алматыда ескі әрі тозығы жеткен үйлер мәселесі соңғы жылдары өзекті тақырыпқа айналды. Қалада реновация бағдарламасы жүріп жатқанымен, көптеген тұрғын өз үйінің бұл тізімге енген-енбегенін білмейді. Тіпті кей жағдайда техникалық жағдайы өте нашар үйлер әкімдік реестріне кірмей қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрова тұрғындарға ескі үйді реновация бағдарламасына енгізу жолдарын түсіндіріп, өтемақы мәселесінде абай болуға шақырды.

АЛМАТЫДА ҚАНША ЕСКІ ҮЙ БАР?

Ресми мәлімет бойынша, Алматыда 1429 көпқабатты тұрғын үй ескі әрі апатты баспана ретінде танылған. Мұндай үйлердің басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынған.

Сарапшының айтуынша, әсіресе 1970 жылға дейін салынған үйлердің тұрғындары өз үйлерінің арнайы тізімде бар-жоғын тексеруі қажет. Себебі қаладағы барлық тозған үй әкімдік реестріне енбей қалған.

Заң бойынша көтергіш конструкцияларының физикалық тозуы 60 пайыздан асқан үйлер ескі тұрғын үй санатына жатқызылады. Бұл көрсеткіш арнайы техникалық сараптама арқылы анықталады.

ТІЗІМДЕ ЖОҚ БОЛСА

Тәжірибеде қазіргі реестрде сәйкессіздіктер бар. Кейбір үйлердің тозуы 45 пайыз ғана болса да тізімге кірген, ал тозуы 70-75 пайызға жеткен үйлер сыртта қалып қойған жағдайлар кездеседі.

Егер тұрғындар үйдің жағдайы қауіпті деп есептесе, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне техникалық тексеру жүргізу туралы өтініш беруі керек. Өтініш 15 күн ішінде қаралады.

Өтініш мақұлданған жағдайда мемлекеттік тұрғын үй инспекциясы арнайы тексеру жүргізіп, техникалық жағдай туралы акт жасайды. Соның негізінде үйді ескі тұрғын үй тізіміне енгізу мәселесі қаралады.

Тексеру қорытындысында үш негізгі құжат дайындалады:

  • конструктивтік элементтерді тексеру актісі;
  • ақаулар тізімі;
  • тозу деңгейі туралы қорытынды.

Сарапшы тұрғындарға бұл құжаттарды міндетті түрде жазбаша түрде сұратып алуға кеңес береді. Себебі кейін өтемақы немесе сот мәселесінде дәл осы құжаттар негізгі дәлел болуы мүмкін.

РЕНОВАЦИЯ БІРДЕН БАСТАЛМАЙДЫ

Көпшілік үй апатты деп танылса, тұрғындарды бірден көшіреді деп ойлайды. Алайда іс жүзінде процесс әлдеқайда ұзақ.

– Алматыда үйді ескі деп танудан бастап нақты көшіруге дейін 1,5 жылдан 4 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бұл жер телімінің тартымдылығына, құжаттардың дайын болуына және реновация бағдарламасындағы басымдыққа байланысты. Яғни тұрғындар үйдің мәртебесі өзгергенімен, бірнеше жыл бойы сол үйде тұра беруі ықтимал, – деп жазды Диляра Сейтнұрова Тelegram-парақшасына. 

ӨТЕМАҚЫ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Реновация кезінде билік екі нұсқа ұсына алады:

  • пәтерді нарық бағасымен сатып алу;
  • жаңа тұрғын үй беру.

Заң бойынша өтемақы тәуелсіз бағалау арқылы есептелуі тиіс. Бірақ тәжірибеде әкімдікпен жұмыс істейтін кейбір бағалау компаниялары пәтер құнын нарықтан 15-20 пайызға төмен көрсетуі мүмкін.

Сондықтан сарапшы тұрғындарға ұсынылған сомамен бірден келіспеуге кеңес береді. Егер жаңа пәтер ұсынылса, оның ауданы мен жағдайына аса мән беру керек.  «Сол ауданнан үй береміз» деген ауызша уәденің заңдық күші жоқ.

Сарапшының айтуынша, дұрыс жүргізілген келіссөзден кейін бастапқы ұсыныс пен соңғы өтемақы арасындағы айырмашылық 15 пайыздан да жоғары болуы мүмкін.

– Күрделі жөндеу кезінде тұрғындар көшірілмейді, тек ғимарат жаңартылады. Ал реновация кезінде үй толық сүріліп, орнына жаңа ғимарат салынады,– деді Диляра Сейтнұрова.

Қала билігінің мәліметінше, 2026 жылы Алматыда 95 ескі үй сүріледі. Қазірдің өзінде 204 меншік иесі жаңа пәтерге көшкен.

Алайда сарапшылардың айтуынша, реновация тек құрылыс мәселесі емес. Бұл – тұрғындардың мүліктік құқығы, қауіпсіздігі және әділ өтемақы алу мәселесі. Сондықтан ескі үй тұрғындары заңды құқықтарын алдын ала зерттеп, барлық құжатты мұқият тексеруі қажет.

Серіктес жаңалықтары