Ұлытау облысының прокуратурасы Сәтбаев әкімінің қала арқылы ауыр жүк көліктерінің жүруін шектеген өкімінің күшін жойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗАҢСЫЗ ТЫЙЫМ
Қала әкімі Жезқазған – Петропавл республикалық тасжолының бір бөлігі арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салмақ болған. Алайда тексеріс барысында әкімдіктің мұндай шешім қабылдауға құзыреті жоқ екені анықталды.
Прокуратура мәліметінше, бұл жол «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның сенімгерлік басқаруында. Сондықтан жергілікті атқарушы орган жол қозғалысына өз бетінше шектеу қоя алмайды.
Қадағалау органының араласуынан кейін өкімнің күші жойылды.
СӘТБАЕВТЫҢ ӘКІМІ КІМ?
Сәтбаев қаласын 35 жастағы Мұрат Бөрібаев басқарып отыр. Ол бұл қызметке 2024 жылдың шілдесінде тағайындалған.
Бөрібаев еңбек жолын «Қазақмыс» кәсіпорындарында бастаған. Алғашында «Нұрқазған» фабрикасында флотатор болып жұмыс істеп, кейін шеберден цех басшысына дейінгі сатылардан өткен. Сондай-ақ корпорация жүйесінде бірқатар басшылық қызмет атқарған. Әкім болып тағайындалғанға дейін Жезқазған байыту фабрикаларын басқарды.