×
470.17
547.47
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.17
547.47
6.42

«Зорламақ болған»: Шымкентте Уақытша ұстау изоляторында 23 жастағы қыз қайтыс болды

«Зорламақ болған»: Шымкентте Уақытша ұстау изоляторында 23 жастағы қыз қайтыс болды
Фото: Instagram advokat.v.zakone

Шымкентте 23 жастағы Сания Жұбанышева есімді бойжеткен Уақытша ұстау изоляторында көз жұмды. Ол кәмелетке толмаған жасөспірімге пышақ жарақатын салды деген күдікпен қамауға алынған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАРҚҰМНЫҢ АДВОКАТЫ НЕ ДЕЙДІ?

Марқұмның адвокаты Мухаммад Алиосман Оглы әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, Сания сол түні танысының шақыруымен жастар жиналған үйге барған. Адвокаттың сөзінше, сол жерде жігіттердің бірі бойжеткенді еркінен тыс жақын қатынасқа мәжбүрлемек болған.

Сания қарсылық көрсетіп, сыртқа қашып шыққан. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған, – дейді адвокат.

Оның мәліметінше, кейін сыртта ер адамдар арасында жанжал туындаған. Сания сол сәтті видеоға түсіріп тұрған көрінеді.

Видеода бір адамның қолында пышақ бары байқалады. Сонымен қатар қазақ тілінде “Бауыздамай кетпеймін” деген сөз естіледі. Алайда тергеу қыздың жыныстық зорлық әрекеті туралы айтқанын толық тексерудің орнына, оны күдікті ретінде қамауға алуға басымдық берген, – деді қорғаушы.

Кейін адвокат 15 мамырға қараған түні Санияның көз жұмғанын хабарлады.

ПОЛИЦИЯ ПІКІРІ

Шымкент қалалық Полиция департаменті де бұл іске қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 2 мамырға қараған түні бойжеткен көңіл көтеру орнынан кейін танысының үйіне барған. Үйде кәмелетке толмаған жасөспірім, оның туыстары мен достары болған.

Полиция дерегіне сәйкес, куәгерлер арасында туған жанжал кезінде Сания жасөспірімге пышақ сұққан. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сол күні күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, медициналық сараптама оның мас күйде болғанын көрсеткен. Полицияның айтуынша, бойжеткен тек 12 мамыр күні, яғни ұсталғаннан он күн өткен соң, өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеген.

Үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл уәждер расталмаған. Соған қарамастан, күдіктінің барлық мәлімдемесі сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр, – деп хабарлады полиция.

КҮДІКТІ НЕДЕН ҚАЙТЫС БОЛДЫ?

Сот шешімімен Сания екі айға қамауға алынған. 15 мамырға қараған түні ол камералас әйелдерге өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен камералас әйелдің жүрек ауруына арналған дәрілерін көп мөлшерде ішіп қойған.

Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды. Алдын ала себеп – дәріден улану.

Аталған дерек бойынша суицид бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар уақытша ұстау изоляторындағы тәртіптің сақталуына қатысты да тергеу басталған. Істің тергелуі Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Еске салсақ, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, өліміне себеп болған әйелдің күйеуі, яғни көлік иесі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын. 

 

 

Серіктес жаңалықтары