×
470.17
547.47
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.17
547.47
6.42

Ақтөбедегі әкімдердің суициді: облыс басшылығы қызметтік тексеріс жүргізбеген

Бүгін, 17:11
Ақтөбедегі әкімдердің суициді: облыс басшылығы қызметтік тексеріс жүргізбеген
Ulysmedia.kz коллажы

Ақтөбе облыстық әкімдігі өңірде бес ай ішінде екі бірдей әкімнің өз-өзіне қол салуының мемлекеттік қызметпен байланысын жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНА СЕНЕМІЗ”

Редакция жолдаған сауалға жауап берген Ақтөбе облысы әкімдігі Кенқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов пен Темір қаласы әкімі болған Еркін Далмағамбетовке қатысты қайғылы жағдайлардың олардың  атқарған қызметіне қатысы жоғын мәлімдеді.

«Кенқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкіміне қатысты жағдай оның мемлекеттік қызметтен өз еркімен босатылуынан кейін болған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдары қажетті тексеру және процессуалдық әрекеттер жүргізіп жатыр», – дейді әкімдіктегілер.

Шенеуніктердің айтуынша, Темір қаласының бұрынғы әкіміне қатысты жағдай бойынша да уәкілетті органдар оқиғаның жеке сипатта болғанын, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық жағдайлармен байланысты болуы мүмкін екенін хабарлаған.

«Бүгінгі күнге дейін аталған оқиғалардың қызметтік міндеттерді атқарумен немесе мемлекеттік қызметпен байланысын растайтын ресми қорытындылар жоқ», – делінген жауапта.

Сондай-ақ, шенеуніктер облыс әкімі аппараты тарапынан қызметтік тексерулер немесе өзге де шаралар жүргізілмегенін мәлімдеді.

«Облыс әкімдігі құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тексерулердің объективтілігі мен заңдылығына сенім білдіреді және тиісті рәсімдер толық аяқталғанға дейін расталмаған ақпарат пен болжамдарға пікір білдіруді орынсыз деп санайды», – деп қайырды әкімдіктегілер.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia.kz редакциясы екі істі тергеудің жай-жапсарын білу үшін Ақтөбе облысы полиция департаментіне де жүгінді.

Полицейлердің айтуынша, Еркін Далмағамбетовтің өліміне қатысты істің тоқтатылғанын мәлімдеді.

«Темір қаласы әкімінің өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Тергеу нәтижесінде қылмыс құрамы анықталмауына байланысты іс тоқтатылды», – делінген жауапта.

Ал Темір ауданы Кенқияқ ауылы әкімінің қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді енді бастарыпты.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді департаменттегілер.

Полиция Қылмыстық-процессуалдық кодексінің  201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге болмайтынын алға тартып, аталған іс бойынша үшінші тұлғалардың ықтимал ықпалы, психологиялық қысым көрсету, қоқан-лоқы жасау немесе қызметтік қысым көрсету нұсқалары қаралатын-қаралмайтыны жөнінде мәлімет беруден бас тартты.

БЕС АЙДАҒЫ ЕКІ ӨЛІМ

Еске салайық, 2026 жылғы 6 мамырда Кенқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі, 43 жастағы Қуанышбек Серікжановтың өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Оның денесі өз үйінде табылған.

Ол мемлекеттік қызметте 2014 жылдан бері жұмыс істеген. 2023 жылдың қазан айында Кенқияқ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған. Әріптестері оны отбасылы, жауапты маман ретінде сипаттайды –  артында жұбайы мен төрт баласы қалды.

Қайғылы жағдайдан екі күн бұрын, яғни 4 мамырда ол әкімдікке келіп, әрі қарай қызметін жалғастырмайтынын айтып кеткен. Әріптестері оның шешімін қайта қарауын сұрағанымен, ол өз ұстанымын өзгерпеген. 5 мамыр күні оның жұмыстан босатылуы туралы бұйрыққа қол қойылған. Ал 6 мамыр күні таңертең ол өз шаңырағында өлі күйде табылды.

Шенеуніктің қоштасу хаты табылмаған, өмірінің соңғы сағаттары туралы ешқандай ақпарат жарияланбаған. Отбасы да бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдірмеген.

Серікжанов –  Ақтөбедегі өз-өзіне қол салған алғашқы әкім емес.2025 жылдың желтоқсанында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов те дәл осындай жағдайда өмірден өткен. 46 жастағы қала басшысының денесі өз үйінің ауласынан табылған. Оның артында алты баласы қалды.

Осылайша, бір аудан аумағында бес ай ішінде екі бірдей әкімнің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамда күдік туғызып, аталған істерге үшінші тұлғалардың қатысы жоқ па, қызметтік қысым көрсету немесе қоқан-лоқы жасалмады ма деген сұрақтарды көлденең тартты. Ал құзырлы органдардың жауабы әдеттегідей хаттама шеңберіндегі ресми тұжырымдардан әрі аспады.

Серіктес жаңалықтары