×
467.58
543.66
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.58
543.66
6.44

Шымкентте балаларын үтікпен және шанышқымен азаптаған ана сотталды

Бүгін, 16:03
Шымкентте балаларын үтікпен және шанышқымен азаптаған ана сотталды
Ulysmedia

Шымкентте сот 29 жастағы Гүлмира Ергешоваға үкім шығарды. Ол өз балаларын қатыгездікпен азаптады деп айыпталған. Әйел балаларын үтікпен күйдіріп, қызған шанышқымен денесін қарып, қыста мұздай суға күштеп түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үнемі азаптаған

Тергеу барысында бұл бір реттік ашу емес екені анықталды. Әйел сегіз жастағы ұлының аузын қыздырылған шанышқымен күйдірген, ал 11 жастағы қызының шашын ұстарамен тақырлап алып тастаған. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтынай Білтебай басқа да жайттарды айтты.

– Ол үтікті қыздырып алып, қызының үстіне отырып, ішін күйдірген. Ұлының беті мен санына қызған үтікпен күйік жарақатын салған, осылайша балаларға физикалық азап көрсеткен. Сонымен қатар 12 қаңтар күні қатты аязда екі баласын Қошқар-ата өзеніне апарып, мұздай суға күштеп кіргізіп, сол жерде тұншықтырмақ болған, – деді судья үкім шығарар алдында.

«Кінәлі – күйеуім мен енем»

Сотта Ергешова мұндай әрекетке ауыр тұрмыс пен жоқшылық салдарынан барғанын айтты. Оның сөзінше, күйеуі Францияға кетіп, өзін төрт баламен қаражатсыз әрі азық-түліксіз қалдырған.

– Он жыл бойы көрген қорлығымнан кейін шыдамым таусылды. Енем мен күйеуімді құдай жазаласын. Менде кек алу ойы болған жоқ. Аффект жағдайында болдым. Көзіме ештеңе көрінбеді… Күйеуім Францияға кетіп, мені көк тиынсыз қалдырды. Үйде тамақ та, газ да болмады. Соның бәрі мені қатты ызаландырды, – деді әйел сотта.

Прокурор айыпталушыны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот одан да қатаң жаза тағайындады. Ергешова 5 жыл 3 айға колонияға жіберілді.

Әйел үкіммен келіспейтінін айтты. Адвокаттың сөзінше, балалар анасын кешірген. Бірақ бұл сот шешіміне әсер етпеді. Қазір төрт баланың бәрі мемлекет қамқорлығына алынған. Олар әкесіне де, әжесіне де қайтармауды сұраған.

Серіктес жаңалықтары