АҚШ Сенаты Словениядағы елші қызметіне Қазақстан тумасы Әсел Робертстің кандидатурасын ресми түрде мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДАУЫС БЕРУ
Оны қолдап 46 сенатор дауыс берсе, 43-і қарсы шыққан. Бұған дейін Әсел Робертстің кандидатурасын АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған еді. Наурыз айында ол Сенаттың тиісті комитетіндегі тыңдаудан өткен.
Әсел Робертс Жамбыл облысында дүниеге келген. Балалық шағы Алматыда өткен. Кейін отбасымен АҚШ-қа қоныс аударған.
Америкада мектеп бітіргеннен кейін ол Georgetown University-дің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түскен. Студент кезінде Ақ үйде тағылымдамадан өтіп, кейін АҚШ мемлекеттік қызметі жүйесіндегі еңбек жолын бастаған.

АҚ ҮЙДЕГІ ҚЫЗМЕТ
Әсел Робертс 1990 жылдардың соңынан бері АҚШ президенті протоколы департаментінде қызмет атқарып келеді. Ол Ақ үйдегі жұмысын Барак Обама әкімшілігі тұсында бастап, кейін Джо Байден кезеңінде де мансабын жалғастырған. Әр жылдары америкалық мемлекеттік протокол жүйесінде жоғары лауазымдарда еңбек етіп, 2021 жылы АҚШ мемлекеттік протоколы басшысының міндетін уақытша атқарған.

Әсел Робертстің тұрмыста екені, бір қыз тәрбиелеп отырғаны белгілі.
АҚШ-ТЫҢ СЛОВЕНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ КІМ?
Қазір Қазақстанның Словениядағы елшісі — тәжірибелі дипломат Алтай Әбибуллаев. Оны бұл қызметке Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың күзінде тағайындаған. Ол дипломатиялық қызметінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде, Польша, Аустрия және Хорватиядағы елшіліктерде жұмыс істеп, Венадағы ЕҚЫҰ жанында ел мүддесін қорғаған.

Қоғамда бұл жағдай ерекше оқиға ретінде талқыланып жатыр. Еуропадағы бір қалада бір мезетте екі қазақ дипломаты екі түрлі мемлекеттің елшісі қызметін атқарып отыр. Көпшілік мұны халықаралық дипломатиядағы сирек кездесетін тарихи сәт деп бағалауда.