×
471.45
547.21
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.45
547.21
6.63

Психикалық дертке шалдыққандар саны екі есе өсті – зерттеу

Бүгін, 14:11
Психикалық дертке шалдыққандар саны екі есе өсті – зерттеу
фото: ашық дереккөзден

Соңғы 30 жылда әлемдегі психикалық дертке шалдыққан адамдар саны екі есеге жуық өсіп, 1,2 миллиардқа жеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мазасыздық пен депрессия

Euronews-тің жазуынша, мамандар мұның басты себептері ретінде мазасыздық пен депрессияның көбеюін атап отыр. мұндай қорытындыға Global Burden of Disease 2023 жобасы аясында The Lancet журналында жарияланған жаңа жаһандық зерттеу авторлары келген.

Зерттеу дерегіне сүйенсек, 1990 жылдан бері психикалық бұзылыстар саны 95 пайызға артқан. Оның ішінде депрессиялық дерттер 131 пайызға, ал мазасыздыққа байланысты бұзылыстар 158 пайызға көбейген. Қазір әлемде ең жиі кездесетін психикалық мәселелер ретінде дәл осы депрессия мен мазасыздық аталады.

Психикалық дерттер еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне және өмір сапасының нашарлауына әсер ететін негізгі себептердің біріне айналды. Оның салдары тек науқастардың өміріне ғана емес, экономикаға да тиіп отыр: еңбек өнімділігі азайып, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге түсетін жүктеме артып келеді.

Дерт әйелдер арасында көп

Бұл мәселе әсіресе жасөспірімдер арасында ушығып тұр. Психикалық бұзылыстардың ең жоғары көрсеткіші 15–19 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген.

Зерттеуде әйелдерге психикалық дерт ерлерге қарағанда жиірек диагноз қойылатыны айтылған. Әйелдер арасында шамамен 620 миллион жағдай тіркелсе, ерлер арасында бұл көрсеткіш 552 миллионға жуық. Әйелдер көбіне мазасыздық, депрессия, анорексия және булимияға шалдықса, ерлер арасында мінез-құлық бұзылыстары, аутизм және зейін тапшылығы мен гипербелсенділік синдромы жиі кездеседі.

Ғалымдар негізгі қауіп факторлары ретінде сексуалдық зорлық-зомбылықты, буллингті, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, кедейлікті, соғыстарды, пандемияларды, табиғи апаттарды және әлеуметтік теңсіздіктің күшеюін атаған. Алайда мамандар психикалық дерттердің күрт өсуін тек осы себептермен түсіндіруге болмайтынын айтады. Бұған созылмалы стресс, адамдардың өмір салтының өзгеруі және соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыстардың салдары да әсер еткен.

Мәселенің нақты ауқымы бұдан да үлкен болуы мүмкін. Өйткені статистикаға тек ресми диагноз қойылған жағдайлар ғана енеді, ал психологиялық қиындыққа тап болған көптеген адам маман көмегіне жүгінбейді. Сонымен қатар соңғы жылдары адамдардың психолог пен психиатрға жиірек қаралуы және диагностикадан өтуі де көрсеткіштің өсуіне ықпал еткен. Көп елде психикалық денсаулық тақырыбы бұрынғыдай жабық мәселе болмай, психологиялық көмекке қолжетімділік арта түскен.

Соған қарамастан көптеген елдің психиатриялық көмек жүйесі мұндай қарқынға төтеп бере алмай отыр. Депрессия мен мазасыздыққа шалдыққан адамдардың едәуір бөлігі толыққанды ем мен маман көмегін ала алмай жүр.

Серіктес жаңалықтары