×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Қаңтар оқиғасы: Freedom House Жанболат Мамайға ауыр бап ілгендерді айыптады

06.02.2023, 15:27
Қаңтар оқиғасы: Freedom House Жанболат Мамайға ауыр бап ілгендерді айыптады
Коллаж: Ulysmedia.kz

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның тіркелмеген Демпартияның жетекшісі Жанболат Мамайды жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыптауын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Жанболат Мамайға өткен жылғы наразылықтарға қатысқаны үшін жаңа жалған айып тағылды. Оның қамауға алынуы үкіметтің Қанды қаңтар трагедиясын тәуелсіз тергеу жөніндегі міндеттемесіне күмән тудырады", – делінген Freedom House мәлімдемесінде.

Ұйым "Қазақстан үкіметі заңның үстемдігі мен адам құқықтарына қатысты, оның ішінде Мамайға қатысты тиісті құқықтық рәсімді қамтамасыз ету және халықаралық тәуелсіз бақылаушыларға қолжетімділік беру арқылы өзінің халықаралық міндеттемелерін сақтауы тиіс" деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Мамай 2022 жылдың ақпанында, қаңтардағы оқиғалар кезінде қаза тапқандарды еске алу акциясынан кейін бірден қамауға алынды. Содан бері оны қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Қараша айында белсендіге көрінеу жалған ақпарат таратты, билік өкілін қорлады, бейбіт жиналыстар ұйымдастырды және өткізді деп айыпталды. Сотта Мамай кінәсін мойындамайтынын және өзінің кінәсіздігін дәлелдейтінін мәлімдеді.

2023 жылдың 26 қаңтарында Мамайға қаңтар оқиғаларын ұйымдастырды деген айып қайта тағылғаны белгілі болды.

Бұдан бұрын Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған істі зерттеу үшін Қазақстанға келген британдық комиссия мүшелері ел билігін сынаған еді.