"Нұр-Мұқасан" тобының мүшесі Мұқасан мен топтың бұрынғы арт-директорының арасындағы жанжалға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Бұл даудың нүктесін енді сот қояды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жанжал неден басталды
КТК телеарнасының хабарлауынша, дау жарты жыл бұрын басталған. Өзінің әнін бұрынғы серігі Нұрлан мен арт-директоры Ғалымжанның орындауы Мұқасанға ұнамай қалған көрінеді. “Автор құқығын бұздыңдар” деген Мұқасан, кездесуге шақырып алып, артынан соққыға жықты дейді бұрынғы директоры. Тіпті қасына екі жігіт қосып, үшеуі тепкінің астына алғанын айтады.
“Үйіне бардым. Басында қатігездік көрсетіп, боқтап-борлады. “Мен сізбен отырып сөйлесуге келдім, ән жайында, неге маған ренжіп жатырсыз, неге сотқа беретін жағдайға жетіп жатырсыз? Сіздің ойыңызша, әндерді айтып жүрсіңдер, сендер тойға шығып жүрсіңдер, видео түсіріп, әлеуметтік желіге салыпсыңдар. Солардың бәрін “құрт, өшір”, сосын Нұрланға мүлдем жолама”. Ақиқатты бетіне айттым, түсінді. Егер біз “Нұр-Мұқасан” боп шығып жүрсек екен. Мен шықтым, кеттім. Артымнан ана жігіттер бір нәрсеге айдап салды ма. Шығып бара жатқам, артымнан шығып, жабылып ұрып, үшеуі үш жақтан, осындай жағдай болды”, – дейді әнші Ғалымжан Сүлеймен.
Негізі Мұқасанмен кезінде қоян-қолтық араласқан екен. Баласына кіндік әке де болған. «Мұқасаннан таяқ жеймін деген үш ұйықтасам түсіме де кірмепті» дейді. Айтуынша, тәртіп сақшылары сол күні жұдырығы жуан Мұқасанды емес, таяқ жеп, соққының астында қалған Ғалымжанды алып кеткен.
“Сол таяқ жеп, ұрып жатқан кезінде 102 келіп, астындағы мені алып кеткен ғой. Әй-шәйсыз, ешқандай анықтаусыз. Талабым — істің әділ, ашық шешілуі. Бұлай бұрмаланып, не боп жатқанын да ашық білмейміз. Анам үшін қорқам. Осы іс басталғалы, ол кісі уайым-қайғымен, үйімізде я ұйқы жоқ, я күлкі жоқ. Маған өте ауыр тиетіні, мен жай ғана таныс болсам екен, бұл кісімен. Сонау 2013 жылдан бері «Нұр-Мұқасанның» жырын жырлап, тұшпағын бірге илеп жүрген адаммын ғой”, – дейді ол.
“Ол менен таяқ жеген жоқ, ол Құдайдан таяқ жеді”
“Нұр-Мұқасан” тобының бұрынғы әншісі өзіне тағылған айыптаулармен келіспейді және оның бәрін жала деп отыр.
“Заң жүзінде барлығы тергелуде. Барлығы, құзырлы органдар, барлығы жұмыс істеп жатыр. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Ертең барлығы анықталады, сол кезде кімнің-кім екені анық болады. Олар сол жала жапқаны үшін заң жүзінде, олар өздері тиісті жазаларын алады. Олардың айтып жатқан нәрсесінің барлығы өтірік нәрсе. Ол менен таяқ жеген жоқ, ол Құдайдан таяқ жеді”, – деді ол.
Іс әлі сотқа жетпеген
Ғалымжан Сүлеймен өз өмірі үшін қорқатынын айтады. Бір ай бұрын ғана бәз біреулер сес көрсеткен көрінеді. Көлігінің дөңгелегін босатып, көшеде бетперде киген бөгде екі азамат «қыр көрсетті» дейді. Адвокатының айтуынша, қанша арыз жазса да, әлі күнге дейін полиция департаменті істі сотқа жеткізбеген.
“Әуелі 108-бен қозғалған, кейін менің қатысуыммен 107 баптың 2-ші тармағына ауысты. Бірақ дәл қазір тергеу қай бағытта жүріп жатқанын анық білмейміз. Себебі, тергеу әректтеріне бізді әлі де шақырған жоқ. Сондықтан қазір ол бапты ауыстырып жатыр ма, жеңілдетіп жатыр ма, басқасын, анық, сіздерге айта алмаймыз. Бұл жерде 107-баптың 2-тармағының қылмыстық құрамын көріп отырмын. Көз жеткізіп отырмын және дәл сол баппен іс сотқа жетуі үшін, дәл сол баппен кінәлі азаматтар өз жазасын алуы үшін заң аясында қандай әрекет бар, соның барлығын жасаймын”, – дейді заңгер Инга Иманбай.
Полиция не дейді?
Ал Алматы полиция департаментіндегілер тергеудің аяқталуға жақындағанын мәлімдеді.
“Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу аяқталу сатысында. Осы айдың соңында тараптарға тергеудің аяқталғаны жайлы хабардар етіледі. Содан кейін іс материалдарымен тараптар танысып, одан кейін қылмыстық іс материалдары аудандық прокуратураға жіберіледі. Барлық жасалған тергеу әрекеті сараптама, зерттеулердің заңдылығын тексерген прокуратура қызметкерлері қылмыстық іс материалдарын сотқа жөнелтеді”, – деп пікір білдірді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Аталмыш оқиғадан соң Ғалымжан Сүлеймен мұрнына ота жасатқан. «Денсаулығыма зиян келді» деген әнші Мұқасан мен қасында болған жігіттердің жазаланғанын қалайды. Енді «Нұр-Мұқасан» тобы төңірегіндегі даудың нүктесін сот қоймақ.