Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында болған жаппай төбелеске қатысушылардың арасында әзірше Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
– Алдын ала ақпарат бойынша, қазіргі уақытта Пхёнтхэктегі жаппай төбелеске қатысқаны анықталған және ұсталған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ, – деп хабарлады Қазақстан СІМ.
Қақтығыс 3 қазан күні кешке Пхёнтхэк портына жақын жерде болған.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, төбелеске шамамен 15 адам қатысуы мүмкін. Полиция Ресей мен Қырғызстан азаматтары болып есептелетін екі ер адамды ұстаған. Екеуі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Полиция қалған қатысушыларды іздеп жатыр
Құқық қорғау органдары төбелестен кейін оқиға орнынан қашып кеткен адамдарды анықтау үшін бейнебақылау камералары мен көлік бейнетіркегіштеріндегі жазбаларды зерттеп жатыр.
Тергеу барысында қазақстандықтар мен қырғызстандықтардың арасындағы жанжал нұсқасы да тексеріліп жатыр.
Бұл ретте барлық қатысушылардың азаматтығы мен нақты саны әзірге анықталған жоқ.