Астанадағы Толстой көшесінде бір-біріне жақын орналасқан бірнеше жеке тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері тілсіз жауды сөндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Ведомствоның мәліметінше, өрт сөндірушілер келген кезде жалын бірнеше ғимараттың шатырын толық шарпыған.
Өртті ауыздықтау үшін су үздіксіз беріліп, бірнеше өрт сөндіру оқпаны пайдаланылған.
ТЖМ өкілдерінің айтуынша, өртті сөндіру жұмыстары жоғары жану қарқындылығы мен қою түтіннің салдарынан қиындаған.
Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ.

ТЖМ МӘЛІМДЕМЕСІ
Кейін ведомство өрттің нақты екі жеке тұрғын үйдің және бір шаруашылық құрылысының шатырынан шыққанын хабарлады. Бұған дейін үш тұрғын үй өртеніп жатыр деген ақпарат тараған болатын.
ТЖМ мәліметінше, өрттің ашық жалыны толықтай сөндіріліп, кейін жасырын жану ошақтарының алдын алу мақсатында конструкцияларды суару және бөлшектеу жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар құтқарушылар өрт аумағынан бес газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, ықтимал жарылыстың алдын алған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сағат 11:00-дегі жағдай бойынша өрт толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
