Еуроодақ (ЕО) баспана беру туралы өтініші қанағаттандырылмаған мигранттар үшін арнайы орталықтар құру жөнінде одақтан тыс бірқатар елдермен келіссөздер бастауы мүмкін. Ықтимал серіктестер қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл қандай орталықтар?
Politico басылымының жазуынша, ЕО елдерінің бір тобы одақтан тыс 8-10 мемлекетке «қайтару орталықтарын» (return hubs) құру туралы ұсыныспен жүгінуге дайындалып жатыр. Бұл орталықтарға баспана беру туралы өтініші қабылданбаған мигранттар жіберілетін болады.
Еуропалық дипломаттардың бірі ықтимал серіктестер ретінде Қазақстан мен Өзбекстанды атаған. Алайда әзірге бұл бойынша ешқандай ресми келісімдер немесе нақты келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ.
Бұл бастама ЕО-ның миграцияны қайтару жөніндегі жаңа регламентін талқылау аясында қарастырылуда. Еуропа елдерінің басшылары миграциялық саясатты қатаңдатуға және ЕО аумағында болу құқығын алмаған шетел азаматтарын көбірек депортациялауға ұмтылып отыр.
Еурокомиссар Магнус Бруннердің айтуынша, Еуропа азаматтары қазіргі қайтару деңгейіне қанағаттанбайды.
«Біз ЕО азаматтарының қайтару көрсеткіші 28% деңгейінде екеніне наразы екенін білеміз», – деп келтіреді Politico оның сөзін.
Миграциялық жоба ашық айтылмайды
Politico мәліметінше, ЕО үкіметтері ықтимал серіктес елдерді ашық жариялаудан қашады. Бұл бұрынғы Ұлыбританияның мигранттарды Руандаға жіберу жобасына қатысты даулармен және Италия мен Албания арасындағы миграциялық келісімдерге байланысты сот істерімен байланысты.
Қазіргі уақытта Австрия, Дания, Германия және Грекия ЕО аумағынан тыс «қайтару орталықтарын» құру және баспана өтініштерін қарау алаңдарын жасау идеясын бірлесіп талқылап жатыр. Бұл елдер ынтымақтастық үшін дамуға көмек немесе визалық режимді жеңілдету сияқты ынталандыру шараларын ұсынуы мүмкін.
Мақалада Қазақстан тек ЕО бұл мәселе бойынша болашақта ынтымақтасуы мүмкін ықтимал елдердің бірі ретінде ғана аталады.
Транзиттік аймақ па?
Сонымен қатар, Қазақстан үшін миграция тақырыбы бұрыннан әлеуметтік саясат шеңберінен шығып, ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылып келеді. Өткен жылы бұл жағдай Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланған.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев сол кезде аймақтағы миграциялық қысым қақтығыстар, климаттың өзгеруі және әлемнің әртүрлі аймақтарындағы экономикалық мәселелер салдарынан күшеюі мүмкін екенін ескерткен. Қазіргі таңда заңсыз көші-қон жаппай сипат алмағанымен, мемлекет оның ауқымы мен бағытын алдын ала бағалауы маңызды екенін айтқан.
«Заңсыз мигранттар – әзірге тек әлсіз ағын ғана. Бірақ әртүрлі факторлардың әсерінен ол күшті тасқынға айналуы мүмкін. Кім, қайда және не үшін көшіп жатқанын толық білу керек. Шекара толық бақылауда болуы тиіс. Егер көрші елдер шекаралық бақылауды күшейтсе, біз де соған сәйкес, тіпті қатаңырақ шара қолданамыз», – деген болатын Ғазиз Әбішев.
Айта кетейік, президент үкіметке көші-қон процестерін бақылауды күшейтуді және елге кіретін азаматтарды есепке алуға қатысты мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жедел түрде біріктіруді тапсырған.
ЕО-тағы талқылаулар аясында Қазақстан, керісінше, көші-қон ережелерін күшейтіп отыр.
Ақпан айынан бастап шетел азаматтары тұруға рұқсат (ВНЖ) алу үшін қазақ тілін білуін растауы, жаңа қаржылық талаптарға сай болуы және сұхбаттан өтуі қажет. Сондай-ақ резидент еместер үшін ЖСН алу тәртібі өзгертілді.