×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

Марокко Испанияға жаппай ағылған мигранттардың себебін атады

Бүгін, 09:40
Марокко Испанияға жаппай ағылған мигранттардың себебін атады
AP

Марокко билігі алғаш рет ондаған мың мигранттың Испанияға қарасты Сеута мен Мелилья қалаларына жаппай ағылуына не себеп болғанын егжей-тегжейлі түсіндірді. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқиғаға тек әлеуметтік-экономикалық қиындықтар емес, әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат, заңсыз адам тасымалдаушылардың әрекеті және Испания Жоғарғы сотының шешімін қате түсіндіру де ықпал еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ САЛДАРЫ

Марокко Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде Еуропаға жету бұрынғыдан жеңілдеді деген жалған ақпарат кеңінен тараған. Сондай-ақ Испания жағалауына теңіз арқылы жеткен мигранттарды енді бірден кері қайтару мүмкін емес деген қауесет те көпшілік арасында қызу талқыланған.

Бұл ақпараттар Испания Жоғарғы сотының жақында қабылдаған шешімінен кейін тарай бастаған. Сот теңіз арқылы Испанияға қарасты Сеута мен Мелилья қалаларына жеткен мигранттарды автоматты түрде кері қайтаруға тыйым салған. Алайда Мадрид пен Рабат билігі бұл шешімнің мигранттарға Испанияда қалуға автоматты түрде құқық бермейтінін ерекше атап өтті.

Марокко ІІМ бұл жағдайға бірнеше фактордың қатар әсер еткенін мәлімдеді.

– Жаппай көші-қон әрекетіне әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуы, заңсыз мигрант тасымалдаумен айналысатын қылмыстық желілердің белсенділігі және заңнамалық өзгерістерді қате түсіну себеп болды, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

40 МЫҢ БА, ӘЛДЕ 60 МЫҢ БА?

Марокко билігінің ресми мәліметінше, Испанияға қарасты Сеута қаласына заңсыз өтуге 40 мыңға жуық әрекет тіркелген. Ал мыңнан астам адам Мелилья бағытына бет алған.

Алайда бұған дейін Сеута қаласының басшысы Хуан Вивас шекараны бұзып өтуге талпынғандар саны 60 мыңға жуық болғанын мәлімдеген еді. Тараптар арасындағы айырмашылық әртүрлі есептеу әдістеріне байланысты екені айтылды.

ҚҰРБАНДАР САНЫ КӨБЕЙІП ЖАТЫР

Марокко Ішкі істер министрлігі әзірше 11 адамның қаза тапқанын ресми түрде растады. Олардың бірі жартастан құлап мерт болса, қалған 10 адам Испания жағалауына жүзіп жетуге әрекеттеніп, теңізге батып кеткен.

Қазір Марокко мен Испания билігі басқа да қаза тапқандар туралы ақпаратты бірлесіп тексеріп жатыр.

Ал Испанияның La Sexta телеарнасының мәліметінше, құрбандар саны 90 адамға дейін жеткен. Марокко жағалауынан тағы 17 адамның мәйіті табылып, іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Марокко мен Испания билігі өз еркімен отанына оралғысы келетін мигранттар үшін арнайы өткізу бекеттерін ашты.

Сонымен қатар Марокко прокуратурасы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан адамдарды және мигранттарды теңіз арқылы заңсыз өткізуді ұйымдастырып, одан пайда көрген топтарды анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастап кетті.