Алматыда үш адамның өмірін қиған әл-Фараби көшесіндегі жол апатына байланысты сот процесінде күдікті Александр Пактан жауап алынды. Ол өзіне тағылған айыпты тағы да мойындайтынын айтып, тек соттың ғана сұрағына жауап беретінін мәлімдеді. Прокурор мен жәбірленуші тарап сауалдарына жауап бермейтінін алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.
«КІНӘМДІ МОЙЫНДАЙМЫН»
Александр Пак сотқа онлайн қатысты. Ол жол апатына өзінің кінәлі екенін толықтай мойындады.
– БАҚ өкілдеріне айтқым келеді, мен жауапкершіліктен қашудың жолын іздеп жатқан жоқпын. Мен үшін шартты жаза лайықты емес. Өзімнің іс-әрекетіме қатысты заңда көрсетілген жазаны толықтай өтеуге дайынмын, – деді ол.
«ӨЗІМДІ МАС БОЛДЫМ ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙМІН»
Бірақ бұнымен қатар оқиғаға қатысты айтылған кейбір деректермен келіспейтінін айтты.
– Сол күні достарымызбен кафеге жиналдық. Аса үлкен себеп болған жоқ. Жұма күні кешке жиналып, тамақтанбақ болдық... Өзімнің мастығыма байланысты айтқым келеді, мен сол күні сыраға тапсырыс бердім. Екі рет ұрттадым. Бірақ оның дәмі маған ұнамаған соң, әрі қарай ішпедім. Бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатқандай, мас болған жоқпын. Мен өзімді мас болдым деп есептемеймін, – деді Пак.
«ЖЫЛДАМДЫҚТЫ АРТТЫРУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ»
Оның сөзінше, оқиға болған күні көлігінің панелінде түсініксіз шамдар жанып, жылдамдықты арттыруға мәжбүр болғанын. Бірақ жылдамдықтың сағатына 219 шақырым болғанын жоққа шығарды.
– Түсініксіз, жағымсыз шамдар жанды да, кейіннен өшіп қалды. Мен әл-Фараби көшесіне шыққанда гуілдеген дыбыс естілді... Бұған дейін менде BMW көлігі болған. Ол кезде осы сияқты механикалық жағдайлар болғанда мен жылдамдықты арттыратынмын. Осы арқылы механикалық жағдайлар жоғалып кететін. Дәл сол сияқты тәсілді мына көлігімде де жасадым. Жылдамдықты арттырып, сол жақ жолақтан, оң жаққа қарай ауыстым. Осы уақытта жолаққа қайтып оралу жүйесі іске қосылған сияқты. Бірақ ол өте оқыс іске қосылғандықтан, бордюрге соғылып, жолдың қарсы бетіне шығып кеттім. Машинаны басқару мүмкін болмады. Мен оңға, солға бұрылғым келді. Тормоз жұмыс істемеді. Салдарынан жол апаты болды. Ауруханада есімді жидім... Үш адамның қаза болғанын маған сол уақытта айтты, – деді ол.
«СУДЬЯНЫҢ СҰРАҒЫНА ҒАНА ЖАУАП БЕРЕМІН»
Александр Пак өзі қорғаушысының сұрақтарына жауап беріп болғаннан кейін прокурор мен жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап бермейтінін айтты. Тек судьяның сауалына жауап беруге дайын екенін алға тартты. Ол мұны бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстырып, сөзімді бұрмалауы мүмкін деді. Осыдан кейін ол тек судьяның сұрағына ғана жауап берді.
– Құрметті сот, сіз сұрақ қойыңыз, мен жауап беремін. Менің әрбір сөзім БАҚ тарапынан әртүрлі қолданылып, контекстен жұлынып алынып, тарқатылып жатыр. Ең бастысы мен өзімнің кінәмді мойындайтынымды жеткізгім келеді. Тергеудің басынан бері мен жауапкершіліктен қашып отырған жоқпын, – деді Пак.
АЙЫПТАУ
Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.
Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.
– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.
Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.
ЖОЛ АПАТЫ
21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.
Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.