×
485.4
550.69
6.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.4
550.69
6.41

Оңтүстік Корея экс-президентінің әйелі 7 жылға сотталды

Бүгін, 15:16
Оңтүстік Корея экс-президентінің әйелі 7 жылға сотталды
Фото: Jung Yeon-Je - Pool/Getty Images

Сеул соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Associated Press агенттігінің жазуынша, Сеул соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді қымбат сыйлықтар алу ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот оны бизнесмендер мен басқа да адамдардан қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп таныды.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол зергерлік бұйымдар, сағаттар, Dior сөмкесі, картина және өзге де қымбат заттар алған. Бұл сыйлықтарды берген адамдар саяси немесе іскерлік қолдау алуды көздеген.

Тергеу мәліметінше, бір эпизодта Ким Гон Хи 138 млн вон (шамамен 43,4 млн теңге) тұратын зергерлік бұйымдар алған. Оның орнына құрылыс компаниясының басшысы өзінің күйеу баласын мемлекеттік қызметке тағайындауға көмектесуді сұраған.

Сондай-ақ сот ол робот-иттер жобасына қолдау іздеген бизнесменнен, дипломатиялық делегацияға қатысуды қалаған пастордан, Ұлттық білім комиссиясының бұрынғы басшысынан және консервативті партия атынан парламентке түскісі келген бұрынғы прокурордан да қымбат сыйлықтар алғанын анықтады.

Сот алынған сыйлықтарды, соның ішінде Van Cleef & Arpels бриллиант алқасын, Tiffany брошын, Dior сөмкесін, алтын тасбақа мүсіні бар футлярды және корей суретшісі Ли Уфанның картинасын тәркілеуге шешім шығарды.

Ким Гон Хи сыйлық алғанын мойындағанымен, олардың қызмет көрсету үшін берілгенін жоққа шығарды. Оның адвокаттары үкімге шағымданып-шағымданбайтыны әзірге белгісіз.

Контекст

Бұған дейін апелляциялық сот оны басқа іс бойынша – Бірлік шіркеуінен (Unification Church) сыйлықтар алу және акция бағасын манипуляциялау схемасына қатысуға байланысты 4 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Оның жұбайы, бұрынғы президент Юн Сок Ёль 2025 жылдың сәуірінде қызметінен шеттетілді. Бұған дейін парламент оған 2024 жылдың желтоқсанында әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты импичмент жариялаған еді.