Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы жауап соққыларының бесінші кезеңі басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИРАННЫҢ ЖАУАП СОҚҚЫЛАРЫ
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Бахрейннің Жуффайр ауданындағы АҚШ армиясының әскери инфрақұрылымы мен нысандарына, сондай-ақ Омандағы ұзақ қашықтықтағы әуе бақылау радиолокациялық станциясы мен кемелерді анықтайтын радар жүйелеріне зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасалғанын хабарлады. ЦАХАЛ мәліметінше, Омандағы радар нысандары толықтай жойылған.
Иран тарапы Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қауіпсіздігі АҚШ әскери күштерінің осы аймақтағы әрекеттерін тоқтатып, жағалаудағы мемлекеттердің егемендігін құрметтеуіне байланысты екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Вашингтон әскери араласуын жалғастырған жағдайда, әлемдік мұнай-газ нарығында жаңа дағдарыстар туындауы мүмкін екенін ескертті.
Бұдан бөлек, ЦАХАЛ Кувейт аумағындағы АҚШ-тың HIMARS зымыран кешендері орналасқан әскери базаға да соққы жасалғанын хабарлады. Иранның мәліметінше, шабуыл нәтижесінде екі HIMARS қондырғысы мен зымыран сақталған қоймалар жойылған.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ШИЕЛЕНІС КҮШЕЙДІ
Ал Тегеран билігінің мәліметінше, АҚШ кейінгі бірнеше күнде Иран аумағындағы әскери нысандармен қатар кейбір азаматтық нысандарға да соққы жасаған. Иран тарапы шабуылдар елдің кемінде 10 провинциясында, әсіресе стратегиялық маңызы жоғары Ормуз бұғазы маңында болғанын мәлімдеді.
Тегеранда кейінгі уақытта жаңа шабуылдар тіркелмегендіктен, 10 миллионнан астам тұрғыны бар қала қалыпты өмір ырғағын жалғастырып жатыр. Алайда ел экономикасы әлсіреп, АҚШ пен Израильдің әуе соққылары басталғаннан кейін тұрғындар арасында болашаққа қатысты белгісіздік күшейген.