×
477.11
545.58
6.2
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
477.11
545.58
6.2

Kizdar.net менеджері Грузияда ұсталды: ІІМ тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады

Бүгін, 17:11
Kizdar.net менеджері Грузияда ұсталды: ІІМ тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады
Ulysmedia коллажы

Ішкі істер министрлігі Kizdar.net сайтына қатысты тергеудің жаңа жай-жапсарын мәлімдеді. Қазір құқық қорғау органдары сайттың жұмысына қатысы болуы мүмкін барлық адамды анықтап, оған байланысты қаржы ағындары мен мүлікті тексеріп, шетелдегі электрондық дәлелдерді жинап жатыр. Сонымен қатар сайт менеджерлерінің бірі Грузияда ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Kizdar.net ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық іс жеңгетайлық және интим қызмет көрсетуді ұйымдастыру бабы бойынша тергеліп жатыр. Негізгі күдіктілер биылғы маусым айының басында ұсталған еді.

Қазір тергеу сайттың жұмысына қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаны анықтап жатыр. Олардың ішінде ұйымдастырушылар, менеджерлер, техникалық мамандар, сондай-ақ күдіктілермен байланысты жеке және заңды тұлғалар бар.

– Қылмыстық іс бойынша интернет-ресурстың жұмысын ұйымдастыруға, техникалық сүйемелдеуге және оның қызметін қамтамасыз етуге қатысы бар барлық анықталған тұлғаларға қатысты тергеу, жедел-іздестіру және процессуалдық іс-шаралардың толық кешені жүргізіліп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп қылмыстық іс фигуранттарының және олармен аффилирленген жеке және заңды тұлғалардың қаржы ағындары, мүліктік активтері мен қаржы-шаруашылық қызметі зерттеледі, – деп хабарлады ІІМ.

Тергеу барысында сайттан түскен қаржының қайда жұмсалғаны және оған қандай мүлік сатып алынғаны да тексеріліп жатыр. Күдіктілердің активтеріне тыйым салынды.

МЕНЕДЖЕР ГРУЗИЯДА ҰСТАЛДЫ

Тергеу сайттың техникалық жұмысына қатысты бағытты да қамтып отыр. Қазақстан Бас прокуратура арқылы шетел мемлекеттерінен құқықтық көмек сұраған. Тергеуге сайт серверлеріне қатысты электрондық дәлелдерді алу және шетел аумағында орналасқан серверлер бойынша қажетті іс-шараларды жүргізу қажет.

Сонымен қатар шілде айының басында Интерполдың көмегімен Kizdar.net сайтының менеджерлерінің бірі Грузияда ұсталды. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

АЛҒАШҚЫ ҮКІМДЕР ШЫҚТЫ

Бұған дейін Ulysmedia.kz Солтүстік Қазақстан облысында Kizdar.net сайтының алты топ-менеджеріне үкім шыққанын хабарлаған еді. Олар сайтта ақылы интим қызмет көрсеткен адамдардың сауалнамаларын жариялауға және ілгерілетуге көмектескен.

Топ жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды, тағы бес адам 8 жылға сотталды. Сот олардың мүлкін тәркілеу туралы да шешім шығарды.

Еске салайық, 2025 жылдың көктемінде Kizdar.net сайтында Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваның фотосы мен жеке телефон нөмірі көрсетілген жалған хабарландыру жарияланған болатын. Осыдан кейін полиция сотқа дейінгі тергеуді бастағанымен, жалған хабарландыруды жариялаған адамдар әлі күнге дейін анықталған жоқ.