Қазақстанда америкалық рэпер Канье Уэстің алғашқы концертіне билет сату кейінге шегерілді. Бұған Алматыдағы Орталық стадионда концерт өткізуге қатысты «Қайрат» футбол клубының мәлімдемесі себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Концертті ұйымдастырушылар - First Media Group пен Freedom Holding өкілдері қазір «Қайрат» клубының басшылығымен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Тараптар бәріне қолайлы шешімге келуге ниетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қайрат» - елдегі жанкүйері көп, беделді клубтардың бірі. Сондықтан мәселе өзара түсіністікпен талқыланып жатыр.
Билет қашан сатылады?
Билеттердің алдын ала сатылымы 21 шілдеде сағат 12:00-де басталады.
21 және 22 шілдеде билетті Freedom сервистерінің қолданушылары жабық алдын ала сатылым аясында сатып ала алады. Ал 23 шілдеден бастап билет баршаға сатылады.
Ұйымдастырушылар концерттің өтетін күні мен орны әзірге өзгермегенін мәлімдеді. Канье Уэстің концерті бұрынғы жоспар бойынша 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтуге тиіс.
Дауға не себеп болды?
Бұған дейін «Қайрат» футбол клубы 14 тамызда Орталық стадионда концерт өткізу мәселесі клуб басшылығымен келісілмегенін мәлімдеген.
Клуб өкілдерінің сөзінше, тамызда команда осы стадионда Қазақстан чемпионатының өз алаңындағы матчтерін өткізуі керек. Сондай-ақ, «Қайраттың» еурокубок аясындағы ойындары да осы кезеңге тұспа-тұс келуі мүмкін.
Мұндай ауқымды концертке сахна мен өзге де жабдықтарды орнатып, кейін қайта жинауға бірнеше күн қажет. Бұл стадион көгалына зиян келтіріп, ресми футбол матчтерін өткізуге кедергі келтіруі ықтимал.
«Қайрат» өкілдері алдымен футбол матчтерінің күнтізбесін ескере отырып, концерт өтетін күнді келісу қажет деп есептейді. Стадионды концерт алаңы ретінде содан кейін ғана бекіткен жөн.