×
469.83
536.83
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.83
536.83
5.97

Атырау – Ақтөбе пойызында билетсіз мінген жолаушы көз жұмды

19.07.2026, 17:01
Атырау – Ақтөбе пойызында билетсіз мінген жолаушы көз жұмды
Ulysmedia.kz коллажы

Атырау - Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында билетсіз мінген ер адам көз жұмды. Оқиға 13 шілдеде Қандыағаш - Ақтөбе аралығында болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, билеті болмаған ер адамды вагонға жолсерік мінгізген.

Жол үстінде жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ол сол жерде қайтыс болған.

Оқиғадан кейін тасымалдаушы компания қызметтік тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен екі жолсерік жұмыстан шығарылды.

Бұдан бөлек, Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс жарияланды. «Батыс» филиалы басшылығына қатысты да жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жаза мәселесі қаралып жатыр.

Компания вагондағы кондиционердің қалыпты жұмыс істегенін, ауа температурасы белгіленген талапқа сай болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, вагонның 2023 жылы шығарылғаны айтылды.

Полиция қылмыстық іс қозғады

Пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылған.

Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімі жолаушының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның өліміне пневмония себеп болуы мүмкін.

Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу қорытындысымен анықталады.