Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың қаза тапқанын Ulysmedia.kz редакциясына растады. Бойжеткен биіктен құлап көз жұмған. Қайғылы оқиғаның мән-жайы әзірге белгісіз. Түркия полициясы тергеу жүргізіп жатыр.
Сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиғадан хабардар екенін растады.
– Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста болып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзырлы органдары тергеу жүргізіп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады министрлік.
Ведомство бұл мәселе Қазақстан тарапының бақылауында екенін де атап өтті.
Еске салайық, қайғылы оқиға 25 қазанда таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон орамында болған. Түркиялық БАҚ мәліметінше, 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы пәтерде болған. Болжам бойынша, қыз балконға шығып, көрші үйдің төбесіне өткен де, оның орта тұсына қарай жүрген.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, сол жерде ол ашық кеңістіктің үстіне орнатылған қалқаның үстіне аяқ басқан. Құрылым салмақты көтере алмай, қазақстандық қыз жер астындағы екінші қабат деңгейіне құлап кеткен.
Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады. Түркиялық БАҚ оқиға кезінде бойжеткеннің үстінде киімі толық болмағанын да хабарлады. Оның неліктен мұндай күйде үйдің төбесіне шыққаны белгісіз.
Қайғылы оқиға болған жер тексерілгеннен кейін марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін Сот медицинасы институтына жеткізілді.
Алдын ала ақпарат бойынша, Айсұлу Түркияға 2026 жылғы қыркүйекте визасыз режимді пайдаланып барған.
Сондай-ақ, оның Ыстанбұлға Ресей азаматшасымен бірге келгені және кейін сол әйелмен бірге тұрғаны хабарланды.