×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыз: соңғы суреті мен жаңа деректер жарияланды

Бүгін, 15:25
Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыз: соңғы суреті мен жаңа деректер жарияланды
Ulysmedia.kz коллажы

Ыстанбұлда ғимараттың төбесінен құлап қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда бойжеткен шатырдың шетінде отырып, құрбысынан өзін жалғыз қалдыруды сұраған. Қазір полиция екі адамды – марқұммен бір пәтерде тұрған қызды және Айсұлудың сүйіктісін ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаза болар алдындағы соңғы сурет

Түркияның «Hürriyet» газетінің мәліметінше, тергеу барысында Айсұлудың қайтыс болардан аз уақыт бұрын шатырдың шетінде отырған сәті суретке түсірілгені анықталды.

Суретті онымен бір пәтерде тұрған Дария Б. есімді қыз түсірген.

Дарияның айтуынша, таңғы сағат 08:15 шамасында ол құрбысының көрші үйдің төбесінде отырғанын байқап, қауіпті екенін айтып, ол жерден кетуін сұраған.

Алайда Айсұлу оған: «Мен осында біраз отырамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген.

Кейін Дария бөлмесіне кіріп кеткен.

Оның сөзінше, ол ұйықтап қалғанымен, кейін қатты шыққан музыка дауысынан оянған.

Құрбысының пәтерде жоқ екенін байқаған қыз оны іздей бастаған.

Кейін, өзінің айтуынша, бір дыбыс естіп, көрші ғимарат шатырының бір бөлігі бүлінгенін байқаған.

Төменге қараған Дария Айсұлудың қимылсыз жатқанын көрген.

Айсұлу қаза болар алдында қайда болған?

Тергеушілер марқұмның қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы сағаттарын кіммен өткізгенін де анықтады.

Бірге тұрған қыздың айтуынша, 24 қазанда кешкі сағат 20:00 шамасында екеуі үйден бірге шыққан.

Таңғы сағат бес шамасында Айсұлу сүйіктісіне кеткен.

Ол дүкен иесі, 35 жастағы Мазхар Т. есімді ер адам болып шықты.

Ер адам полицияға қыздың таңғы сағат 05:30 шамасында келгенін айтқан.

Олар біраз уақыт бірге болған. Кейін сағат 07:40 шамасында Айсұлу үйіне қайтып кеткен.

Мазхардың айтуынша, ол қазақстандық қыз түнгі клубта жұмыс істегенін де білген.

Екі адам ұсталды

Оқиғаның мән-жайын зерделеген полиция прокуратураның шешімімен марқұммен бірге тұрған Дария Б. мен оның сүйіктісі Мазхар Т.-ны ұстады.

Екеуі де тергеу амалдарын жүргізу үшін полицияға жеткізілгені хабарланды.

Алайда БАҚ әзірге олардың қандай процестік мәртебеде ұсталғанын және қандай да бір айып тағылған-тағылмағанын нақтыламады.

Сондай-ақ, Айсұлу мен Дарияның Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте келгені анықталды.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Еске салайық, Айсұлу Бекмаханова 25 қазанда Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон орамында қаза тапты.

Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың төбесіне өткен.

Кейін шатырдың орта тұсына қарай жүрген.

Болжам бойынша, оның аяғының астындағы шатыр панельдерінің бірі опырылып, қазақстандық қыз ғимараттар арасындағы кеңістікке, жер астындағы екінші қабат деңгейіне құлап кеткен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен дәрігерлер келіп, қыздың қайтыс болғанын анықтады.

Түркиялық БАҚ мәліметінше, оқиға кезінде Айсұлудың үстінде киімі толық болмаған.

Марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін Сот медицинасы институтына жеткізілген.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ulysmedia.kz редакциясына қазақстандық қыздың қаза тапқанын растаған.

Ведомство қазақстандық дипломаттардың Айсұлудың отбасымен байланыста болып, қажетті көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.