Теміртау қаласының жаңа әкімі тағайындалды. Президент Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісу арқылы бұл қызметке Сапар Сатаев келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ӘКІМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Сапар Сатаев Теміртауға келгенге дейін 2023 жылдың мамыр айынан бастап Балқаш қаласының әкімі қызметін атқарған. Бұған дейін Абай және Приозерск қалаларының әкімі болған, сондай-ақ Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жұмыс істеген.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа әкімді таныстырып, Сатаевтың өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмыс істеу және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бағытында тәжірибесі бар екенін атап өтті.
– Сапар Қайыркенұлы, сіздің басты міндетіңіз – теміртаулықтардың өмір сүру сапасын арттыру, жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, сондай-ақ қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, – деді Бөлекпаев.
Ал Сапар Сатаевтың өзі Теміртаудағы мәселелермен жақсы таныс екенін айтты.
КОНТЕКСТ
Теміртаудың бұрынғы әкімі Ғалым Әшімов 17 шілдеде қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Ол отставкасының себебін айтқан жоқ. Оның жұмыстан босатылуы Қазақстан өңірлеріндегі бірқатар кадрлық өзгерістер тұсында болды. Атап айтқанда, Атырау облысы мен Ұлытау облысының әкімдері ауысты.
Теміртау Қазақстанның металлургия астанасы саналады. Қалада елдегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі әрі өңірдегі басты жұмыс беруші – Qarmet комбинаты орналасқан.
Теміртау халқының саны – шамамен 180 мың адам.