Ғалым Әшімов Теміртау әкімі қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕМІРТАУДЫ ЕКІ РЕТ БАСҚАРҒАН
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қызметтен кететіні туралы жазды.
– Бүгін Теміртау қаласының әкімі ретіндегі жұмысымды аяқтап отырмын. Теміртау қаласы мен оның тұрғындарына қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды. Алда қандай қызметтер күтіп тұрса да, жүрегімнің бір бөлшегі – металлургтер қаласында, қайсар жандар мен ерекше мінездің мекені болған Теміртауда қалады, – деп жазды Әшімов.
Әзірше оның не себепті кеткені және жаңа әкімнің кім болатыны белгісіз.
ҒАЛЫМ ӘШІМОВ
Ғалым Әшімов 57 жаста. Ол Қаражал қаласында дүниеге келген. О.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Жәйрем тау-кен байыту комбинатында бастаған. Кейін Жәйрем кентінің, Қаражал қаласының әкімі болды. Сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің аппаратын және облыстық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасын басқарды.
Теміртау қаласын Ғалым Әшімов екі рет басқарды. Алғаш рет ол 2015 жылы қала әкімі болып тағайындалып, бұл қызметті 2020 жылға дейін атқарды. Екінші рет бұл лауазымға 2024 жылдың қыркүйегінде оралды.
КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІСТЕР
Әшімовтің қызметтен кетуі өңірлердегі өзге де кадрлық өзгерістермен тұспа-тұс келді.
Бүгін президент жарлығымен Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды. Ал оның алдында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те қызметінен кеткен еді. Оның орнына экс-министр Болат Ақшолақов тағайындалды.