Астана тұрғыны әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сот мәліметінше, 23 жастағы азамат биыл ақпан айында Threads желісінде анонимді жазба жариялаған. Ол әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын айтып, өміріне қауіп төніп тұрғанын жазған. Сондай-ақ шетелге кету үшін қаржылай көмек сұрап, жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін қоса көрсеткен.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны анықталған. Сонымен қатар сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болған.
Тергеу барысында оның ақша жинау мақсатында жалған ақпарат таратқаны анықталды. Ол бұл үшін оқиға мән-жайын білмеген 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күн ішінде аталған шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.
Күдікті тергеу кезінде жалған ақпаратты әдейі қаржы табу үшін жариялағанын мойындаған.
СОТ ҮКІМІ
Оған алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен кінәлі деп танылды. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Полиция азаматтарға әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға кеңес берді. Ведомство тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.