Қазақстанда бір жыл ішінде еңбек шартымен жұмыс істейтіндер саны шамамен 150 мың адамға артты. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке еңбек ететіндер қатары азайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар азайып келеді
Еңбек министрлігінің мәліметінше, биыл жалдамалы қызметкерлер саны 7 млн 140,9 мыңнан 7 млн 290,4 мың адамға дейін өскен. Жалпы жұмыспен қамтылған халық саны 9 млн 392 мың адамға жетті.
Бұл былтырмен салыстырғанда 108,5 мың адамға көп.
Осы кезеңде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны шамамен 41 мың адамға қысқарып, 2 млн 101,6 мың адам болды. Ал жеке еңбек ететіндер қатары 30 мыңнан аса адамға азайған.
– Бұл азаматтардың біртіндеп экономиканың ресми секторына ауысып, әлеуметтік қолдауға қол жеткізе бастағанын аңғартады, – деп есептейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жұмыссыздық деңгейі қандай?
Ресми түрде жұмыс істейтіндер саны артқанына қарамастан, жұмыссыздық деңгейі бір жыл ішінде айтарлықтай өзгермей, 4,5% деңгейінде қалды. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші бұдан төмен – 3%.
Еңбек министрлігі ресми жұмыспен қамтудың артуын мемлекеттік бағдарламалармен де байланыстырады. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыс берушілердің көмегімен 249,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған.
Олардың 96,4 мыңы тұрақты жұмысқа қабылданды. Қалғандары уақытша жұмыс орындарына, оқуға немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін өзге де шараларға жіберілген.