×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

«Қысым көрсетті»: «Қазақмысқа» қарасты зауыттың экс-қызметкері Тоқаевтан көмек сұрады

Бүгін, 15:30
«Қысым көрсетті»: «Қазақмысқа» қарасты зауыттың экс-қызметкері Тоқаевтан көмек сұрады
Ulysmedia.kz коллажы

Балқаш мыс балқыту зауытының бұрынғы қызметкері Айдос Алин президентке бейнеүндеу жолдап, жұмыстан заңсыз шығарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алиннің айтуынша, ол Kazakhmys Smelting ЖШС-не қарасты Балқаш мыс балқыту зауытында шамамен 25 жыл еңбек еткен. Ол еңбек қауіпсіздігіне қатысты анықтаған қайшылықтарды бірнеше рет көтергенімен, жұмыс беруші мәселені шешудің орнына өзіне қысым көрсетіп, ақырында жұмыстан босатыпты.

Зауыттың бұрынғы қызметкерінің сөзінше, күн сайынғы наряд-тапсырмаларға қазандықтардағы газ импульсін тазалау жұмыстары енгізіліп отырған. Алайда қолданыстағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулық бойынша қызметкерге өзінің лауазымдық нұсқаулығында көзделмеген жұмыстарды орындауға тыйым салынған.

«Мен бұл қайшылықты жоюды және лауазымдық нұсқаулықтарды нақты орындалатын жұмыстарға сәйкестендіруді сұрап, бірнеше рет тікелей басшыма жүгіндім. Алайда құжаттарды түзетудің орнына менің өтініштерімді елеусіз қалдырды», – дейді ол.

БАСШЫЛЫҚТЫҢ ҚЫСЫМЫ

Алиннің айтуынша, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты өзі анықтаған заңбұзушылықтарды көтере бастағаннан кейін оған қысым көрсетіле бастаған. Оның сөзінше, разряды төмендетіліп, негізсіз іссапарға жіберілген. Сонымен қатар дәлелді себептері болғанына қарамастан жұмыс орнында болмағаны туралы актілер рәсімделген.

Ол жағдайдың шарықтау шегі 2025 жылғы 7 қазанда болғанын айтады. Сол күні наряд-тапсырмаға қол қоюдан бас тартқан. Себебі құжатқа тағы да өзінің лауазымдық нұсқаулығында көрсетілмеген жұмыстар енгізілгенін алға тартады.

«Мені жұмыстан шығарар күннің алдында жұмыс беруші лауазымдық нұсқаулығыма өзгерістер енгізді. Бұған дейін наряд-тапсырмалар арасында қайшылықтың себебі болған жұмыстар дәл сол құжатқа енгізілді. Алайда жұмыс беруші өз қателігін мойындап, көп жылдар бойы орын алған еңбек ұйымдастырудағы кемшіліктердің салдарын жоюдың орнына мені жұмыстан шығарып, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған адам ретінде көрсетті», – дейді ол.

Сондай-ақ Алин апелляциялық сотта бұл жайттарға тиісті құқықтық баға берілмегенін мәлімдейді. Оның пікірінше, ірі жұмыс берушілердің мүмкіндігі қарапайым қызметкерге қарағанда әлдеқайда басым.

Осыған байланысты ол Президенттен құзыретті мемлекеттік органдарға өтініште баяндалған мән-жайларды жан-жақты тексеруді, жұмыс берушінің жергілікті нормативтік актілеріндегі қайшылықтарға құқықтық баға беруді, өзін жұмыстан шығарудың заңдылығын қайта қарауды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жоюдың орнына жауапкершіліктің не себепті тек қызметкерге жүктелгенін анықтауды тапсыруды сұрады.

БАЛҚАШ МЫС БАЛҚЫТУ ЗАУЫТЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Балқаш мыс балқыту зауыты – Kazakhmys Smelting ЖШС құрамындағы Қазақстандағы ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын «Қазақмыс» тобына қарайды және Балқаш қаласында орналасқан.

Зауыттың негізгі қызметі – мыс концентратын өңдеп, катодты мыс өндіру. Бұдан бөлек, өндіріс барысында күкірт қышқылы мен өзге де ілеспе өнімдер шығарылады. Кәсіпорынның негізгі шикізаты «Қазақмыс» тобы мен басқа да отандық кен орындарынан жеткізіледі.

Айта кетейік, жуырда  Ұлытау облысында «Қазақмысқа» қарасты бірнеше кеніштің жұмысшылары жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан. Шахтерлер компания басшылығына бірнеше талап қойды. Олардың негізгі талаптары – жалақыны көтеру және жоғары лауазымды басшының қызметінен кетуі.

Ереуіл «Қазақмыстың» меншік иесі ауысқаннан кейін бірнеше ай өткен соң болды. 2025 жылдың соңында кәсіпкер Нұрлан Артықбаев корпорацияны Владимир Ким мен Эдуард Огайдан сатып алған еді. Осы мәміледен кейін компанияда қайта ұйымдастыру жұмыстары басталып, басқарушы құрам өзгерген.