×
$
467.48
539.52
5.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
467.48
539.52
5.73

Қазақстанда несиеге сұраныс күрт төмендеді

06.08.2026, 15:52
Қазақстанда несиеге сұраныс күрт төмендеді
Ulysmedia коллажы

Қазақстан банктері жеке тұлғаларға беретін несиесін азайтып, бизнеске берілетін қарыз көлемін арттырды. Тұтынушылық несиеге сұраныс кейінгі жылдардағы ең төменгі деңгейге түсіп, проблемалық несиелердің үлесі өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бизнес көбірек қарыз ала бастаған

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында банктер жалпы сомасы 20,4 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6% көп.

Несиелеу көлемінің барлық өсімі бизнеске берілген қарыз есебінен қамтамасыз етілген. Бұл сегменттегі несие көлемі 20,7% артқан. Нәтижесінде бизнес несиелерінің жалпы құрылымдағы үлесі 55,9%-ға жетті.

Ең көп өсім орта бизнеске берілген несиелерде байқалды. Оның көлемі бір жылда бірден 56,2%-ға артқан.

Берілген несиелердің үштен екіге жуығы бір жылға дейінгі қысқа мерзімді қарыздар болған.

Қарыз алушылар мен пайда азайды

Ал халық есие алуды азайтқан. Бұл сегменттегі несие беру көлемі 3,6% төмендеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, бөлшек несиелеудің төмендеуіне тұтынушылық несиелердің 6,5%-ға қысқаруы әсер еткен. Бұл нақты табыстың баяу өсуі жағдайында тұтынушылық сұраныстың әлсірегенін көрсетеді. Бұған қоса, макропруденциялық реттеудің қатаюы мен жоғары мөлшерлемелер де әсер етіп отыр.

Қазақстанда алғаш рет бірнеше жылдан кейін бірегей қарыз алушылар саны да азайған. Олардың саны 32 мың адамға қысқарды.

Қаржыгерлер қауымдастығы мұны нарықтың клиенттік базаны кеңейтуден қолданыстағы клиенттерді неғұрлым шектеулі түрде несиелеу моделіне көшумен байланыстырады. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін қарыз алушылар үшін несие шарттары біртіндеп жақсара бастаған.

Проблемалық несиелер көбейді

Бизнесті несиелеуге басымдық беру қазақстандық банктердің табысын арттырған жоқ. Бірінші жартыжылдықта олардың таза пайыздық маржасы 6,78%-дан 6,44%-ға дейін төмендеді.

Ал төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық несиелердің үлесі 0,5 пайыздық тармаққа өсіп, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 4,1%-ға жетті.