×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

Қазақстандық талапкерлерге тағы 2,4 мыңға жуық грант бөлінді

Бүгін, 10:36
Қазақстандық талапкерлерге тағы 2,4 мыңға жуық грант бөлінді
pixabay

Қазақстандық талапкерлерге грантқа түсуге тағы бір мүмкіндік туды. 2026 жылы өңір әкімдіктері қосымша 2 392 білім грантын бөлді. Конкурсқа қатысу үшін өтініш қабылдау басталып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Жергілікті әкімдіктер жыл сайын өңірге аса қажет мамандарды даярлауға қаржы бөледі. Биыл гранттар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламаларына қарастырылған.

Әр өңір грант санын, мамандықтарды және құжат қабылдау мерзімін өзі белгілейді.

Грант ең көп қай өңірлерде

Қосымша грант ең көп Астанада бөлінді - 303 орын. Шымкентте 285, Шығыс Қазақстан облысында 270 орын қарастырылған.

Батыс Қазақстан облысы 211 грант бөлді. Абай және Түркістан облыстарына 200-ден, Ақмола облысына 199, Қарағанды облысына 198, Атырау облысына 187, Маңғыстау облысына 163 грант берілді.

Қалған өңірлерде орта есеппен 100-ге жуық грант қарастырылған.

Мәселен, Астанада құжаттар 5-10 тамыз аралығында грант орындары бөлінген жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады.

Бұл - қосымша орындар

Әкімдік гранттары республикалық негізгі конкурсқа кірмейді және мемлекеттік білім гранттарына қосымша беріледі.

2026-2027 оқу жылына Қазақстанда барлығы 89 457 мемлекеттік грант қарастырылған. Соның 75 371-і бакалавриатта оқуға арналған.

Талапкерлерге өз өңіріндегі конкурс шарттарын бөлек тексерген жөн. Өйткені құжат тапсыру мерзімі мен қолжетімді мамандықтар өңірге қарай әртүрлі болуы мүмкін.

Еске салайық, 7 тамызда Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарының негізгі конкурсының нәтижелері жарияланды. 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.