×
$
465.19
536.55
5.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
465.19
536.55
5.61

ОПЕК мұнай өндіруді еселеді: Қазақстанның да квотасы өсті

Бүгін, 14:16
ОПЕК мұнай өндіруді еселеді: Қазақстанның да квотасы өсті
Pixabay.com

ОПЕК елдері шілде айында мұнай өндіру көлемін айтарлықтай арттырды. Бір ай ішінде тәуліктік өндіріс 1,66 млн баррель өсіп, 23,63 млн баррельге жетті. Сонымен қатар ұйым әлемдегі мұнайға деген сұраныс болжамын төмендетіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ирак өндірісті ең көп арттырды

Шілде айында мұнай өндірісін ең көп арттырған ел – Ирак. Ел тәуліктік өндіріс көлемін 665 мың баррель ұлғайтып, 2,62 млн баррельге жеткізді.

Одан кейін Сауд Арабиясы тұр. Мұнда өндіріс 590 мың баррель өсіп, тәулігіне 7,35 млн баррель болды. Кувейт өндірісті тағы 393 мың баррель арттырып, 1,85 млн баррельге жеткізді.

Алайда барлық ел өндіріс көлемін арттыра қойған жоқ. Нигерия тәуліктік өндірісті 37 мың баррель қысқартып, 1,55 млн баррельге түсірді. Біріккен Араб Әмірліктерінде өндіріс 30 мың баррель азайып, 3,78 млн баррель болды.

Жалпы ОПЕК елдері шілде айында тәулігіне 23,63 млн баррель мұнай өндірді. Бұл маусыммен салыстырғанда 1,66 млн баррельге көп.

ОПЕК+ елдері де өндірісті арттырды

Өндірістің өсуі картельге кірмейтін ірі мұнай өндіруші мемлекеттер де бар ОПЕК+ тобы бойынша да тіркелді. Шілде айында ОПЕК+ елдері тәулігіне жалпы 37,66 млн баррель мұнай өндірді. Бір ай ішінде бұл көрсеткіш 1,42 млн баррель артқан.

Сонымен қатар ОПЕК 2026 жылға арналған әлемдік мұнай сұранысының өсіміне қатысты болжамын төмендетті. Енді ұйым биыл әлемде тәулігіне орта есеппен 105,74 млн баррель мұнай қажет болады деп болжап отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен 580 мың баррельге көп.

Сұраныстың өсуі негізінен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кірмейтін елдердің есебінен болады. Бұл мемлекеттердегі сұраныс тәулігіне 610 мың баррель өсіп, 59,82 млн баррельге жетуі мүмкін.

Ал ЭЫДҰ елдерінде керісінше, сұраныс тәулігіне 40 мың баррельге төмендеп, 45,91 млн баррель болады.

2027 жылға болжам

2027 жылға арналған болжам бұдан да оптимистік. ОПЕК әлемдік мұнай сұранысы тәулігіне бірден 2,16 млн баррель өседі. Бұл жағдайда әлемдік сұраныс тәулігіне 107,9 млн баррельге жетеді.

Қазақстанның квотасы артты

Бұған дейін ОПЕК+ елдері қыркүйек айынан бастап мұнай өндірісін тәулігіне тағы 188 мың баррельге арттыруға келіскен еді.

Қазақстан үшін өндіріс квотасы тәулігіне 10 мың баррель өсіп, 1,628 млн баррельге жетті. Осы шешіммен альянс бұған дейін нарықтан ерікті түрде алып тастаған мұнай көлемін қайтару процесін аяқтайды.