Әлемге әйгілі рэпер Канье Уэст Қазақстанға келді. Түнде Алматы халықаралық әуежайына қонған музыкантты қазақы дәстүрмен ерекше қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Әуежайда рэперге ұлттық киім киген өнерпаздар қазақтың ұлттық билерін орындады. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан Ye-нің өнерпаздарға қызығушылықпен қарап, күлімсірегенін көруге болады.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілгеніне қарамастан, әуежай маңына рэперді қарсы алуға ондаған жанкүйер жиналды. Олар әлемдік жұлдызды көріп, онымен суретке түсуге тырысты.
Бүгін кешке Канье Уэст YE TOUR 2026 әлемдік турнесі аясында Алматыдағы Орталық стадионда концерт береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шоуға 30 мыңнан астам көрермен жиналуы мүмкін. Бұл концерт өңірдегі биылғы ең ірі музыкалық шаралардың біріне айналмақ.
Шоуға дайындық бірнеше апта бұрын басталған. Сахнаға қажетті жарық, дыбыс аппаратурасы мен күрделі конструкцияларды қосқанда, 100 тоннадан астам техникалық құрал-жабдық Қазақстанға 15 жүк көлігімен жеткізілген.
Концерт алаңының басты ерекшелігі – стадионның дәл ортасына орнатылған алып сфералық инсталляция. «Ғаламшар» деп аталатын бұл нысан шоудың негізгі элементтердің бірі болмақ.
Бұл – Канье Уэсттің Алматыға алғашқы келуі емес
Көптеген жанкүйер үшін бүгінгі концерт Канье Уэстті алғаш рет сахнадан көруге мүмкіндік бермек. Алайда рэпер Қазақстанға алғаш рет табан тіреп тұрған жоқ.
Канье Уэст Алматыға алғаш рет 2013 жылдың тамызында келген. Ол кезде музыканттың сапары көпшілікке жария етілмей, құпия сақталған. Рэпер Айсұлтан Назарбаев пен Алина Боранбаеваның үйлену тойына орай Royal Tulip қонақүйінде ұйымдастырылған жабық кеште өнер көрсеткен.
БАҚ мәліметінше, сол кездегі жеке концерт үшін ұйымдастырушылар шамамен 3 миллион доллар төлеген. Әлемдік жұлдыздың Қазақстандағы жабық кеште өнер көрсетуі халықаралық баспасөздің де назарын аударған.
Арада 13 жыл өткен соң Канье Уэст Алматыға оралды. Бұл жолы ол жабық кеште емес, ондаған мың көрерменнің алдында үлкен стадиондық концерт береді.