Қазақстанда теміржол билеттерін сату ережесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Соған сәйкес, жалғыз сапарға шыққан ер адам ішінде әйелдер отырған купеден орын сатып ала алмайды, сол сияқты әйелдер де ер адамдар отырған купеге орналаса алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл ұсыныс жолаушының сауалынан кейін көтерілді
Қазақстандық әйелдердің бірі Түркиядағы пойыз билеттерін сату тәртібіне назар аударып, осындай жүйені Қазақстанда да енгізуді ұсынған.
– Қазір Түркияда теміржол билеттері ерлер мен әйелдерге бірге сатылмайтынын білдім. Егер купедегі орынды бірінші болып ер адам сатып алса, кейін ол жерге тек ер адамдарға билет сатылады, керісінше жағдайда да солай. Неге Қазақстанда да осылай жасауға болмайды?, – деп ол ҚТЖ-ға сауал жолдаған.
«ҚТЖ» не деді?
Ұлттық компания бұл ұсыныстың қазірдің өзінде қаралып жатқанын мәлімдеді.
– Бұл жүйені қазір мамандарымыз зерттеп жатыр. Бұдан кейін оны енгізу мәселесі қарастырылады, – деп хабарлады ҚТЖ.
Түркияда бұл жүйе қалай жұмыс істейді?
Түркия теміржолдарында вагондардың кейбір түрлерінде билет сату кезінде жолаушының жынысы ескеріледі. Егер купеге немесе жеке бөлікке билетті бірінші болып ер адам сатып алса, қалған бос орындар ер адамдарға сатылуы мүмкін. Ал бірінші болып әйел билет рәсімдесе, кейінгі орындар әйелдерге ұсынылады.
Бірге сапарға шыққан ер мен әйел үшін бөлек талаптар қарастырылған. Олар билетті бірге сатып алған жағдайда, қатар орналасқан орындарды рәсімдей алады.
Мұндай жүйе бейтаныс ер мен әйелдің алдын ала келісімінсіз бір купеде немесе бір жатын бөлікте жалғыз қалу ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда әзірше аралас купелер бар
Қазақстанда билет сатып алған кезде жолаушыларды жынысына қарай автоматты түрде бөлу жүйесі жоқ, яғни ер адам әйелдер отырған купеден, ал әйел ер адамдар отырған купеден орын сатып ала алады.
Сонымен қатар Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар бар. Алғашқы мұндай вагондар 2021 жылдың қазанында іске қосылды. Жоба пойыздардағы әйелдердің қауіпсіздігі, соның ішінде жыныстық сипаттағы тиісу мен зорлық-зомбылық жағдайлары талқыланған тұста енгізілген.
Әйелдер вагонына билеттер тек әйелдерге сатылады. Олармен бірге жеті жасқа толмаған ұл балалар да жүре алады. Мұндай вагондарға әйелдер қызмет көрсетеді.
Бастапқыда бұл қызмет бірнеше бағытта ғана іске қосылса, кейін оның географиясы кеңейтілді. 2026 жылға қарай әйелдер вагондары 14 бағытта пайда болды.