Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған үшінші әскери қызметші - Орал қаласының тумасы, матрос Никита Удалов, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Әскери қызметшінің суреттерін оның сыныптасы Сабина әлеуметтік желіде жариялаған.
Қыздың айтуынша, екеуі Оралдағы №32 мектепте бірге оқыған және бірінші сыныптан бері таныс. Ол Никитаның мектеп кезінен қалған бірнеше суретін бөлісіп, тезірек сауығып кетуін тіледі.
— Алда сені өте ауыр кезең күтіп тұр. Болған жағдайды жан дүниеңмен қабылдап, біртіндеп күш жинауың керек. Біз саған сенеміз, Никита. Мұның бәрін еңсеріп, қайта аяққа тұратыныңа сенеміз, — деп жазды Сабина.
Жазбаға Никитаның туысы болуы мүмкін Яна Удалова да пікір қалдырған. Оның айтуынша, Никитаның жағдайы жақсы, өміріне қауіп жоқ.
— Никита аман, жағдайы жақсы! Уақыты келгенде өзі бәріне хабарласады, — деп жазды ол.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Контекст
Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде болған.
Жел күшейген кезде әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. Алғашында Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адам кеткенін хабарлаған еді. Кейін олардың саны 17 болғаны нақтыланды. Соның 14-і қаза тапты.
Бұған дейін қайғылы оқиғадан аман қалған 19 жастағы Бекет Мырзағалиевтің жағаға өз күшімен шыққаны белгілі болған.
Ауруханада жатқан 19 жастағы Ақжол Темірәлиев те теңізден өзі аман шыққан.