×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Тоқсанбаеваның алтыны үшін күрес: ҰОК апелляция бермек

Бүгін, 15:11
Тоқсанбаеваның алтыны үшін күрес: ҰОК апелляция бермек
ҰОК

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның жарыстан шеттетілуіне байланысты апелляция беруге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

27 қыркүйекте Тоқсанбаева спорттық жүрістен мәреге бірінші болып жетіп, қытайлық қарсыластарын артта қалдырған.

Алайда жарыс аяқталғаннан кейін төрешілер жүлделі үш орын алған спортшының аяқкиімін тексерген. Сол кезде қазақстандық спортшының кроссовкасы World Athletics бекіткен модельдер тізіміне кірмейтіні анықталған.

Осыған байланысты марапаттау рәсімі кейінге шегерілді.

Аяқкиімнің суреттері халықаралық федерацияның штаб-пәтеріне жіберілген. Кейін World Athletics бұл модельдің жарыстарда қолдануға рұқсат етілмегенін растады.

Нәтижесінде Тоқсанбаеваның көрсеткіші ескерілмей қалды.

Қазір Қазақстан ҰОК спортшыны қолдау және апелляция беру үшін World Athletics, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы және Азия Олимпиада кеңесімен жұмыс істеп жатыр.

Аяқкиімге қойылатын талап және бұған дейінгі жағдай

World Athletics аяқкиімге қатысты талаптарды 2026 жылғы 19 наурызда жаңартқан. Жаңа ережелер 20 сәуірден бастап күшіне енген.

Бұл ақпарат барлық ұлттық федерацияға жіберілген.

Содан бері тіркелмеген немесе рұқсат етілмеген кроссовкамен жарысқа шыққан спортшының нәтижесі ескерілмеуі мүмкін.

Бұл ереже осы Азия ойындарында бұған дейін де қолданылған.

Ирандық жетісайысшы Мохитзаде де дәл осы себеппен жарыстан шеттетілген.

Хаттама қайта қаралғаннан кейін қазақстандық Алина Чистякова төртінші орыннан үшінші орынға көтеріліп, қола жүлдеге ие болды.

Мән-жай

Бұған дейін Тоқсанбаева жарыстан шеттетілгеннен кейін алтын медаль қытайлық Данцзин Цюйцзунға берілгенін жазған едік.

Күміс жүлдені Ли Ма, ал қоланы жапониялық Юкико Умено иеленді.

21 жастағы қазақстандық спортшы 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, ең жақын қарсыласын төрт минутқа жуық уақыт айырмасымен артта қалдырған.

Бұл Қазақстан үшін Азия ойындарындағы әйелдер арасындағы спорттық жүрістен алғашқы алтын жүлде болуға тиіс еді.