Атырауда "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының еншілес ұйымы "ҚАЖсервис" ЖШС филиалының бас бухгалтері 34,8 млн теңге жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Атырау көлік прокуратурасы өңірдің Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүргізген тексеру кезінде 34,8 млн теңге қаражаттың жымқырылғанын анықтаған.
Тергеу мәліметінше, бас бухгалтер заңсыз төлемдер есептеп, ұйымның ақшасын өзінің жеке банк шотына аударып отырған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Атырау қаласының №2 соты оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен бас бухгалтер бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сондай-ақ «ҚАЖсервис» ЖШС-нің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талабы толық қанағаттандырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.