×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Журналист Амангелді Батырбеков 20 тәулікке қамалды

Бүгін, 11:15
Журналист Амангелді Батырбеков 20 тәулікке қамалды
Ulysmedia.kz коллажы

2 қазанда Түркістан облысының Сарыағаш аудандық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты «Сарыағаш-Информ» басылымының бас редакторы, журналист Амангелді Батырбековті 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы журналист Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Амангелді Батырбековтің сөзінше, іс Сарыағаш аудандық полиция басқармасы басшысының тергеу жөніндегі орынбасары Қуаныш Байзақовтың «жала жапты» деген арызына байланысты қаралған.

Журналист сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Ол өзіне қатысты істің қаралуын заңсыз деп санайтынын және мұны бұған дейін жариялаған жазбаларымен байланыстыратынын айтты.

Сондай-ақ, Батырбеков 20 тәулікке қамауға алынуына өзінің «Сенсация деуге ертерек немесе Құрал неге қамалды?» атты видеожазбасының да ықпалы болуы мүмкін екенін жазған. Бұл – журналистің өз болжамы.

– Оған мен дайын болғам және ол туралы мен алдын ала видео да дайындап қойғам. Айтайын дегенім, менің аузымды жапқысы келіп жүргендер жоғарғы жақтағылар былықтарын біліп қоймасын деген жергілікті билік басындағы жүліктер мен құқыққорғау органдарындағы қой терісін жамылған қасқырлар. Бірақ мен жемқорлар және коррупционерлермен күресімді ешқашан тоқтатпаймын! Мені ешқандай қамаумен қорқыта алмайды. Уақыт сағаты келгенде біреуі де қалмай бәрі заң аясында жауап береді, – деп жазды журналист. 

Әзірге соттың ресми түсіндірмесі мен қаулысының толық мәтіні ашық дереккөздерде жарияланған жоқ. Сондықтан істің нақты қай бап бойынша қаралғаны және сот қандай дәлелдерге сүйенгені туралы толық ақпарат жоқ.

Амангелді Батырбеков бұған дейін де әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты сот істеріне қатысқан. 2023 жылы Сарыағаш аудандық соты оны «жала жабу» бабы бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамауға алған еді. Кейін журналист бұл шешімге шағым түсірген.

Амангелді Батырбеков туралы не белгілі?

Амангелді Батырбеков – журналист, «Сарыағаш-Информ» басылымының бас редакторы. Ол жергілікті билік, құқық қорғау органдары мен қоғамдағы даулы мәселелер туралы өткір жазбаларымен танылған.

2022 жылғы қаңтарда Батырбековтің Сарыағаштағы үйінің маңында оның ұлы Дінмұхамедке белгісіз адамдар оқ атқан. Журналист сол кезде болған жағдайды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырған.

2023 жылы Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Батырбековтің қамауға алынуына байланысты мәлімдеме жасап, оны босатуға шақырған.