×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

Елімізде жыл басынан бері 49 млрд теңге мемлекетке қайтарылды - Сәденов

Бүгін, 16:00
Елімізде жыл басынан бері 49 млрд теңге мемлекетке қайтарылды - Сәденов
Ақорда

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есебінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бірнеше жыл бұрын жасалған қылмыстар да ашылып жатыр

Мемлекет басшысына өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңнан астам жағдайға кемігені айтылды. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар, қоғамдық орындар мен көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтар азайған.

Өткен жылдары 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылған. Криминалистиканың заманауи әдістері, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, қоғамда құқықтық тәртіпті бұзуға төзбеушілік қалыптасып келеді. Азаматтар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер полицияға белсенді түрде көмектесуде.

Жыл басынан бері олардың берген ақпараты негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.

Халықаралық іздеу: мыңнан астам адам табылды

Құқық қорғау органдарының шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимылы да қылмыскерлерді анықтауға ықпал етіп отыр.

Іздеуде жүрген 1 039 адам табылған. Ал шетелде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталды. Бұдан бөлек, шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталған.

49 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

Президентке Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылғаны баяндалды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайыз көп.

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мұндай қылмыстардың саны 21 пайызға төмендеген.

Алаяқтықпен күрес аясында 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.

Камералар 2,2 мыңнан астам адамды ұстауға көмектесті

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар да белсенді қолданылып жатыр. Бейнебақылау жүйесі арқылы 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.

Цифрлық шешімдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де енгізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 5 пайызға азайған. Жол апаттарынан қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар 7 пайызға төмендеген.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.