Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржысын жымқыру мен Конституция талаптарын бұзуға жол берілмейтінін мәлімдеді. Ол заңға қайшы әрекет жасаған лауазымды тұлғаларға атақ-абыройы мен бұрынғы еңбегі үшін жеңілдік берілмейтінін айтты.
Толығырақ
– Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық, – деді президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында.
Оның айтуынша, мемлекет қоғамдық дерттің барлық түріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргізеді. Ешқандай жоғары награда, терең білім мен мол тәжірибе заң бұзған адамды жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды.
– Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы лауазымды тұлғалардан тәртіп сақтауды, адал болуды және мемлекет мүддесіне қиянат жасамауды талап ететінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – барлық басшыға қойылатын қарапайым әрі орынды талап.
Президент Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілгенін еске салды. Бұл талап азаматтардың атақ-абыройы мен қоғамдағы орнына қарамастан бәріне бірдей қолданылады.
Сондай-ақ ол барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, іс жүзінде ұстануға және Әділетті Қазақстан құру идеясын шынайы қабылдауға тиіс екенін айтты.