Ақ үйде тағы да баспасөз хатшысы ауысып жатыр. Дональд Трамп бірнеше күн бұрын ғана қызметке тағайындаған Кэти Закария алғашқы баспасөз мәслихатындағы сәтсіздігінен және журналистердің оның кәсіби тәжірибесіне қатысты сауалдарынан кейін қызметінен кетті. Осылайша, ол АҚШ тарихында баспасөз хатшысы қызметін ең қысқа уақыт атқарғандардың бірі болды.
Кейінгі бірнеше онжылдықта бұл қызметке бірқатар әйел тағайындалған. Олардың кейбірі президентпен бірнеше жыл бірге жұмыс істесе, енді бірі бірнеше айдан кейін қызметінен кеткен. Ulysmedia АҚШ президенттері баспасөзбен байланыс орнатуды қай әйелдерге сеніп тапсырғанын еске түсіреді.
1993 жылы АҚШ президенті Билл Клинтон Ди Ди Майерсті Ақ үйдің баспасөз хатшысы етіп тағайындады. Оған дейін бұл қызметті тек ер адамдар атқарып келген. Майерс екі жылға жуық жұмыс істеді. Әкімшіліктен кеткен соң журналистика, саяси сараптама және жазушылық саласында еңбек етті.
Араға 14 жыл салып, бұл қызметке тағы бір әйел келді. 2007 жылы Джордж Буштың президенттігі тұсында Ақ үйдің баспасөз хатшысы болып Дана Перино тағайындалды. Ол Буштың президенттік өкілеттігі аяқталған 2009 жылғы қаңтарға дейін қызмет атқарды.
Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметін Сара Хакаби Сандерс, Стефани Гришэм және Кейли Макинани кезекпен атқарды.
Сандерс 2017–2019 жылдары жұмыс істеп, кейін Арканзас штатының губернаторы атанды. Оның орнына Стефани Гришэм келді. Бір қызығы, ол баспасөз хатшысы болған уақытында журналистерге арнап бірде-бір ресми брифинг өткізбеген.
2020 жылы бұл қызметке Кейли Макинани тағайындалды. Ол Трамптың алғашқы президенттік мерзімі аяқталған 2021 жылғы қаңтарға дейін Ақ үйдің атынан ақпарат таратып, журналистермен байланыс орнатты.
Джо Байден президент болған кезде Ақ үйдің алғашқы баспасөз хатшысы Джен Псаки болды. Ол журналистермен тұрақты түрде кездесіп, олардың сауалдарына жауап беріп отырды.
2022 жылғы мамырда оның орнына Карин Жан-Пьер келді. Ол осы қызметке тағайындалған алғашқы қара нәсілді әйел әрі ЛГБТ қауымдастығына жататынын ашық мәлімдеген алғашқы баспасөз хатшысы ретінде тарихқа енді.
Жан-Пьер 2025 жылғы қаңтарда Байденнің президенттік өкілеттігі аяқталғанға дейін қызметін жалғастырды.
Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралған соң баспасөз хатшысы қызметіне Кэролайн Ливитті тағайындады. Ол кезде Ливитт небәрі 27 жаста еді. Осылайша, ол Ақ үй тарихындағы ең жас баспасөз хатшысы атанды.
2026 жылғы қазанда оның орнына Кэти Закария келді. Алайда жаңадан тағайындалған қызметкер бұл лауазымда небәрі бес күн ғана жұмыс істеді.
Закарияның баспасөз хатшысы болып тағайындалғаны 9 қазанда жарияланды. Ал 13 қазанда ол алғашқы брифингін өткізіп, журналистердің алдына шықты. Шамамен 15 минутқа созылған кездесуде небәрі үш журналистке ғана сұрақ қоюға мүмкіндік берілді.
Осы брифингтен кейін оның жұмысына қатысты сын көбейді. Тіпті Ақ үй әкімшілігінің өз ішінде де наразылық білдіргендер болды.
Бұған қоса, Закарияның кәсіби біліктілігіне қатысты да күмән туды. Бұған дейін ол заңгер ретінде таныстырылған. Алайда журналистер оның адвокаттық қызметпен айналысуға құқық беретін лицензияны алу үшін қажетті емтиханнан өте алмағанын анықтады. Кейін Закария мұны өзі де мойындады.
Дональд Трамп оған Ақ үйдегі қызметіне қатысты шешімін қайта қарауға кеңес бергенін айтты.
– Мен оған: «Меніңше, сенің бұл қызметтен кетіп, өзіңді бақытты сезінетін іспен айналысқаның дұрыс. Сенің орныңда болсам, бұл шешімімді қайта қарастырар едім», – дедім, – деді АҚШ президенті.
16 қазанда Закарияның қызметінен кеткені белгілі болды. Бұл ақпаратты Ақ үй де растады.
Барак Обаманың президенттік кезеңінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметін бірде-бір әйел атқармаған.
Ал Дональд Трамп екі президенттік мерзімінде бұл лауазымға бес әйелді тағайындаған. Бұл – АҚШ тарихындағы өзге президенттермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш.
Айта кетейік, Ақ үй тарихындағы ең жас баспасөз хатшысы да, осы қызметте ең қысқа уақыт жұмыс істегендердің бірі де Трамп әкімшілігі тұсында тағайындалған.